Израиль жарылыстарынан кейін Ливанда жер сілкінісі тіркелді
Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі стратегиялық маңызы бар Али ат-Тахер жотасының астында орналасқан «Хезболла» қозғалысының туннельдерін жойғанын мәлімдеді. Жарылыстан кейін бұл аумақта магнитудасы 4,1 болатын жер сілкінісі тіркелген, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, сейсмикалық қозғалыс Израиль күштері Набатия провинциясындағы Али ат-Тахер жотасында ірі жарылыс жасағаннан кейін байқалған. Ливандық БАҚ жарылысты «қуатты» деп сипаттап, оның салдарынан жердің қозғалғанын және қатты гүрсіл естілгенін хабарлаған.
Оқиға орнында болған France-Presse агенттігінің тілшілері бірнеше жарылыстың дыбысын естіген. Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац жариялаған видеода түнгі аспанға көтерілген үлкен отты шар көрінеді.
Израиль билігінің мәліметінше, бірнеше күн бұрын ел әскері Али ат-Тахер жотасына бақылау орнатқан. Израиль тарапы «Хезболла» бұл аумақта таулы жер бедерін пайдаланып, көптеген жерасты туннельдерін салғанын және олар арқылы Израиль аумағына шабуыл жасауға мүмкіндік болғанын мәлімдеді. Израиль әскері Оңтүстік Ливанның бір бөлігін бақылауында ұстап отыр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху елдің солтүстігіне ықтимал шабуылдардың алдын алу үшін бұл аумақта «қауіпсіздік аймағын» құру жоспары бар екенін айтқан.
Израиль әскери күштерінің мәліметінше, жойылған жерасты инфрақұрылымының ұзындығы екі шақырымнан асқан. Туннельдерде зымырандар, дрондар, танкіге қарсы қарулар мен жарылғыш құрылғылар сақталған. Сондай-ақ кешеннің құрамында «Бадр» бөлімшесінің басқару орталығы болған.
Израиль тарапының мәлімдеуінше, туннельдерді жою Али ат-Тахер жотасының жер үсті және жерасты бөліктеріне толық «операциялық бақылау» орнату операциясының соңғы кезеңі болған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі соғыстан кейінгі кезеңге арналған стратегия әзірлеп жатқаны хабарланған. Оның негізгі бағыттарының бірі – Иранды тежеуге бағытталған аймақтық ынтымақтастықты күшейту және Израиль мен көрші елдер арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру.