Қанат Бозымбаев Маңғыстаудағы инфрақұрылым жобаларын тексерді
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, сумен жабдықтау, энергетика және коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстарының барысын тексерді. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Сапар барысында вице-премьер "Каспий" су тұщыту зауытында болды. 2025 жылы кеңейтілген кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге жеткен. Зауыт Ақтаудың жоғарғы шағынаудандарын, Мұнайлы және Қарақия аудандарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) жұмысын тұрақтандыру мәселесі қаралды. Қазір ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 нысандарының су қабылдау арналарын тереңдету және ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл комбинатқа теңіз суының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ақтауда коммуналдық желілерді жаңартуға миллиардтаған теңге бөлінбек. Қаладағы жылу желілерінің тозуы 65%-ға, су құбырларының тозуы 58%-ға, ал кәріз жүйелерінің тозуы 69%-ға жеткен.
Ұлттық жоба аясында Ақтаудың 4 және 5-шағынаудандарында 41 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту жоспарланып отыр. Жұмыстарға шамамен 21,8 млрд теңге жұмсалады. Жобаларды 2027 жылы аяқтау көзделген.
Бұдан бөлек, қаладағы алты шағынауданды жылумен қамтамасыз ететін жаңа қазандық салу жобасы таныстырылды. Құны 48 млрд теңге болатын нысан жылу қуатының тапшылығын азайтуға бағытталған. Қазір Ақтауда бұл көрсеткіш сағатына 130 Гкал-ды құрайды.
Электр желілерін жаңғырту жұмыстары да назарға алынды. 2012–2026 жылдары "Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы" инфрақұрылымды дамытуға 63,5 млрд теңге бағыттаған. Осы уақыт аралығында 60 қосалқы станса жаңартылып, бес жаңа станса салынып, 273 шақырым электр желісі тартылған.
Жұмыс сапарының соңында Қанат Бозымбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өткізді.
Жиында Маңғыстау экономикасын әртараптандыруға бағытталған Мастер-жоспар талқыланды. Құжат логистика, өнеркәсіп, теңіз инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, туризм және әлеуметтік салаларда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Кеңеске қатысушылар жоспарланған жобалардың экономикалық тиімділігі мен оларды іске асыру жолдарын қарастырды.