BASPASOZТолық нұсқа
Әлем

Қара құрдым Жерді жұтып қоя ала ма?

Дана Зарылханқызы
Canva
Бөлісу Telegram

Астроном Жердің қара құрдымға түсіп кету қаупі жоқ екенін айтты. Ғалымның сөзінше, тіпті Күннің орнында қара құрдым пайда болған жағдайда да, Жердің орбитасы өзгермейді. Ал оның Күн жүйесіне қауіпті қашықтыққа жақындау ықтималдығы өте төмен, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

РИА Новости Ресей ғылым академиясының П. Н. Лебедев атындағы Физика институтының Астрокосмос орталығының ғылыми қызметкері Вячеслав Авдеевке сілтеме жасап, қара құрдымның гравитациялық әсері туралы түсініктеме берді.

Ғалымның айтуынша, қара құрдымды ғарыштағы барлық нысанды өзіне тартып әкететін «алып шаңсорғыш» деп түсіну дұрыс емес. Оның тартылыс күші өте жоғары болғанымен, ол маңындағы барлық затты автоматты түрде жұтып қоймайды. Мысалы, Күнді қара құрдымға айналдыруға болатын болса, оның массасы өзгермеген жағдайда Жер бұрынғы орбитасымен қозғала береді. Алайда Күннен жарық пен жылу тарамайтындықтан, Жердегі тіршілікке жағдай қалмайды.

«Күнді шартты түрде қара құрдымға айналдырып, диаметрін шамамен алты шақырымға дейін қысқартсақ та, Жердің орбитасы өзгермейді. Ол Күнді айналғандай, бұрынғы мерзімімен айнала береді. Бірақ Жерде қараңғы әрі суық болады», – деді Вячеслав Авдеев.

Астрономның пікірінше, Күн жүйесіне жақын жерде әлі анықталмаған қара құрдымдар болса да, олар адамзатқа тікелей қауіп төндірмейді. Ал қара құрдым Күн жүйесінің ішіне кірген жағдайда негізгі қауіп оның планеталарды «жұтып қоюы» емес, гравитациялық әсерінен планеталардың орбиталарының өзгеруі болмақ. Мұндай жағдайда планеталар өз орбиталарынан шығып, Жерде тіршілік ету мүмкіндігі жойылуы ықтимал.

Ғалым Құс жолында шамамен 100 миллион қара құрдым бар деген есептің өзі адамзатқа қауіп бар екенін білдірмейтінін атап өтті. Олардың галактика көлемінде орналасуын ескергенде, қара құрдымның Күн жүйесіне қауіпті қашықтыққа жақындау ықтималдығы өте аз.

Бұған дейін ғалымдар ғаламдағы аса ірі қара құрдымдардың жеке жұлдыздардың күйреуінен емес, тығыз жұлдыз шоғырларындағы бірнеше рет болған соқтығыстардың нәтижесінде пайда болуы мүмкін екенін анықтаған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары