Қарин "Егемен Қазақстан" газетінің жаңа бастамасын қолдады
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Егемен Қазақстан" газетінің "Санаткер ұлт" жобасына жоғары баға беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылайтын мұндай алаңдардың маңызын атап өтті. Ол Facebook парақшасында жобаның "Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі" атты кезекті материалы туралы пікір білдіріп, "Таза Қазақстан" бастамасының тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмей, адам санасы мен қоғамдық мәдениетті жаңғыртуға бағытталғанын жеткізді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
"Егемен Қазақстан" газетінің бүгінгі нөмірінен "Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі" деген материал оқыдым. Дәл осындай үлгідегі мақалаларды бұған дейінгі сандарынан да көрген едім. Бір тақырып төңірегінде жан-жақты талқылау жүргізіледі. Форматы ұнады. Бұл – ел газетінің "Санаткер ұлт" деп аталатын жобасы.
Жоба аясында ішкі саясаттың, ұлттық идеологияның негізгі бағыттары жан-жақты талқыланады. Осы жолғы тақырып Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасына арналған. Спикерлер мәселеге әр қырынан үңіліпті. Жақсы ойлар айтылған.
Мәселен, Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров "Таза Қазақстанның" бес қырына тоқталып, бесінші қыры ретінде сананы тазартуды атапты. Яғни, ойдың тазалығын сақтау. "Тегінде мұны бесінші қатарға емес, бәрінің алдына, яғни бірінші қатарға қойсақ та болар. Сана тазарса, барлық нәрсе тазарады. Тазару жаңаруға, жаңару жаңғыруға бастайды", дейді ол.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» ұғымы әр адамның өз үйінен, ауласынан, көшесінен, ауылынан, қаласынан басталатынын үнемі айтып келеді. Сана тазарғанда ғана біз осынау ауқымды түсініктің астарына тереңдей үңіле аламыз", депті.
Құрылтай депутаты Серік Егізбаевтың пікірінше, Президентіміз бастап берген жалпыұлттық идеология әрбір үйдің, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуға тиіс.
Ал Құрылтай депутаты Ирина Тен "Тазалық таза жерде емес, тазалық сақталған жерде болады" деген түйінді ой айтқан. Әрі қоқыс жинайтын адамдардың санын көбейтуден гөрі, қоқыс тастамайтын буын қалыптастыруға көбірек күш салуымыз керек екенін алға тартады.
Талқылауға қатысқан басқа да спикерлер көңілге қонымды ой-пікір білдірген.
"Санаткер ұлт" жобасы аясында осыған дейін урбанизация дәуіріндегі әдебиет, тарихи оптимизм тақырыптары да талқыланғанын оқыған едім. Бізге дөңгелек үстел форматындағы мұндай материалдар керек. Талқылау кезінде барлық тараптың өкілдерін қамту да маңызды. Бұл оқырман үшін де үлкен олжа деп есептеймін. Осы жоба арқылы "Егемен Қазақстан" газеті тың ойлар айтылатын, терең пікір алмасулар жүретін алаңға айналып келе жатқанын байқатты", – деп жазды Ерлан Қарин.