BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсына қосылды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсында бақылаушы мемлекет мәртебесін алды. Бұл шешім Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен халықаралық жиында қабылданды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы кеңесінің IV отырысы ұйымдастырылды. Халықаралық жиынға 20-дан астам елдің мәдениет саласына жауапты ведомство басшылары, сондай-ақ мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтірумен айналысатын халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов таныстырды. Ол еліміздің ЮНЕСКО-мен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, мәдени мұраны қорғау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті.

Вице-министр Альянспен әріптестікті үш негізгі бағыт бойынша дамытуды ұсынды. Атап айтқанда, мәдени мұраны қорғау саласындағы мамандарды даярлау және тәжірибе алмасу, тарихи ескерткіштердің жай-күйін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы қашықтан бақылау, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи нысандарда бірлескен археологиялық және ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері көтерілді.

Жиын қорытындысында Қазақстанға Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсының бақылаушы мемлекеті мәртебесі берілді.

Айбек Сыдықов бұл шешімді қолдаған Кеңес мүшелеріне алғыс білдіріп, жаңа мәртебе Азия елдерімен мәдени байланыстарды нығайтуға және ортақ тарихи мұраны сақтау бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сапар аясында вице-министр Альянстың атқарушы бас хатшысы Се Бинмен кездесті. Тараптар алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Се Бин Қазақстанның ұйыммен әріптестікті дамытуға ниет білдіруін оң бағалап, болашақта еліміздің Альянсқа толыққанды мүше болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы IV Лянчжу форумының ашылу рәсіміне қатысты. Халықаралық іс-шараға ЮНЕСКО, Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зерттеу орталығы (ИККРОМ), Қақтығыс аймақтарындағы мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянс (ALIPH) және Иберо-Америка мемлекеттерінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының өкілдері жиналды.

Форум барысында мәдени мұраны сақтау, тарихи ескерткіштерді қорғау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары