Қазақстан мен АҚШ балалар обырын емдеуде ынтымақтастықты кеңейтпек
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова АҚШ-тағы St. Jude Children’s Research Hospital балалар онкологиясы орталығының өкілдерімен кездесті. Тараптар қатерлі ісікке шалдыққан балаларды емдеудің озық тәсілдерін енгізу, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Самарқандта өткен кездесуге St. Jude госпиталінің атқарушы вице-президенті, St. Jude Global халықаралық бағдарламасының жетекшісі Карлос Родригес-Галиндо қатысты. Келіссөз барысында балалар онкологиясы саласындағы медициналық көмектің сапасын жақсартуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сүйек кемігін трансплантаттау, молекулалық диагностика және жасушалық терапияның жаңа әдістерін Қазақстанда дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында салу жоспарланған заманауи көпбейінді аурухана кешенінің жобасы сөз болды. Болашақта бұл медициналық мекеме Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарындағы балаларға мамандандырылған көмек көрсететін өңіраралық орталыққа айналуы мүмкін.
Ақмарал Әлназарова америкалық әріптестерге аталған жобаны жүзеге асыруға сараптамалық қолдау көрсетуді ұсынды. Сондай-ақ қазақстандық дәрігерлерді халықаралық деңгейде оқыту, күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп талқылау және ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері көтерілді.
Кездесуде балалар обырын емдеуге арналған дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыру да маңызды тақырыптардың бірі болды. Қазақстан St. Jude орталығы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірлесіп жүзеге асыратын халықаралық бағдарламаға қосылу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Аталған бастама балалардағы қатерлі ісіктерді емдеуге қажетті сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанның бағдарламаға қатысу талаптары алдағы уақытта халықаралық серіктестермен бірге нақтыланады.
Айта кетейік, еліміздің бірқатар медициналық ұйымы қазірдің өзінде St. Jude Global Alliance халықаралық желісіне мүше. Бұл отандық мамандардың шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуына және балалар онкологиясы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің басты мақсаты – қатерлі ісікке шалдыққан балалардың заманауи диагностика мен емдеу тәсілдеріне қолжетімділігін кеңейту. Соның нәтижесінде кішкентай пациенттердің шетелге шықпай-ақ, өз елінде, жақындарының жанында сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау көзделіп отыр.
Кездесу соңында тараптар мамандар даярлау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және балалар онкологиясы саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі пысықтауға уағдаласты.