BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан мен Швейцария сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтпек

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

22 қазанда Швейцарияның Берн қаласында Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 12-отырысы өтті. Тараптар сауда көлемін арттыру, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жиынға Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Швейцарияның Экономика жөніндегі мемлекеттік хатшылығының өкілі, елші А. Раубер Заксер төрағалық етті.

Кездесуде Қазақстан тарапы Швейцарияға ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бал мен жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттауды ұлғайтуға мүдделі екенін білдірді. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі QazTrade компаниясымен бірлесіп, шетел нарығына шығуға дайын отандық кәсіпорындарды іріктемек.

Швейцариялық инвесторлар Қазақстандағы жобаларға шақырылды

Қазақстан тарапы швейцариялық компанияларға ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, жаңартылатын энергетика, көлік-логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларға қатысуды ұсынды. Сонымен қатар инвесторлар мен ғылыми орталықтар Alatau City қаласын дамытуға шақырылды. Мұнда цифрлық инфрақұрылым, қаржылық технологиялар және заманауи қалалық жүйелерді дамыту көзделіп отыр.

Швейцария тарапы маңызды шикізат түрлері саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытып, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.

Екі ел бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ

Кездесуде су шаруашылығы, қалдықтарды басқару, қоғамдық көлік және энергетика салаларындағы инфрақұрылымдық жобалар да қаралды. Бұдан бөлек, тараптар ғылым, жоғары білім, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және зияткерлік меншікті қорғау бағыттарындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысында Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Швейцарияның радиоактивті қалдықтарды көму жөніндегі ұлттық кооперативі (NAGRA) арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Тараптар үкіметаралық комиссияның келесі, 13-отырысын Қазақстанда өткізуге келісті. Оның нақты мерзімі мен орны кейін анықталады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары