Қазақстан Оман және Словакиямен өнеркәсіптік әріптестікті кеңейтеді

Қазақстан Оман және Словакиямен өнеркәсіптік әріптестікті кеңейтеді
Gov.kz

Қазақстан Оман Сұлтандығы және Словакия Республикасымен өнеркәсіп саласындағы әріптестікті кеңейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев екі елдің Қазақстандағы елшілерімен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Министр Оманның Қазақстандағы елшісі Салах бин Салим бин Әли Джабубпен келіссөз барысында екі мемлекет арасында бұған дейін жасалған келісімдерді жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Кездесуде тау-кен металлургиясы саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ тараптар пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын іздеу және барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Ал Словакияның Қазақстандағы елшісі Любомир Регакпен өткен кездесуде Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның алдағы 11-отырысына дайындық мәселелері талқыланды.

Словакия тарапы Қазақстанмен инвестициялық байланысты тереңдетуге қызығушылық танытты. Өз кезегінде Ерсайын Нағаспаев отандық кәсіпорындардың ауқымды әрі күрделі жобаларды жүзеге асыруға қажетті тәжірибесі, технологиялық мүмкіндіктері мен қаржылық әлеуеті бар екенін жеткізді.

Келіссөздерде қорғаныс өнеркәсібіндегі әріптестікті дамыту мәселесі де қозғалды. Тараптар бұл бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Кездесулер қорытындысында Қазақстан, Оман және Словакия өкілдері өнеркәсіп саласындағы байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға дайын екендерін білдірді.