BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстанда 70 медициналық нысан салынып, 77 мың медицина қызметкеріне үстемеақы төленеді

Дана Зарылханқызы
https://t.me/DenMinPR
Бөлісу Telegram

Қазақстанда алдағы үш жылда 70-ке жуық жаңа медициналық мекеме салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2027 жылдан бастап алғашқы медициналық көмек көрсететін 77 мыңнан астам қызметкерге еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау жоспарын таныстырды.

Оның айтуынша, медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін өңірлердің қажеттілігі жан-жақты зерттеліп жатыр. Жаңа нысандардың қай жерде салынатыны халық саны, демографиялық жағдай және медициналық қызметке сұраныс ескеріле отырып айқындалады.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің жаңа медициналық нысандарға қажеттілігіне медициналық-демографиялық ахуал мен тиімділік өлшемшарттарын ескере отырып, талдау жүргізуді бастады", – деді министр.

Елімізде жаңа балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтар салынады

Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда және Орал қалаларында сегіз заманауи перинаталдық орталық салу көзделген. Олардың жалпы сыйымдылығы 1 700 төсек-орынды құрайды. Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтауда жалпы саны 1 550 төсек-орынға арналған жеті көпбейінді балалар ауруханасын ашу жоспарланып отыр.

Елордада балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін екі жаңа орталық құрылады. Оның бірі 200 орындық шұғыл медициналық көмек орталығы болса, екіншісі 350 орындық балалар хирургиясы орталығы болмақ. Ал Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда және Семей қалаларында Ұлттық балаларды оңалту орталығының бес өңіраралық филиалы ашылады. Бұл мекемелер жалпы 750 төсек-орынға есептелген.

Бұдан бөлек, Өскеменде, Абай, Түркістан және Жамбыл облыстарында көпбейінді және мамандандырылған ауруханалар салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 25 амбулаториялық-емханалық нысан, аудандық ауруханалар, жедел жәрдем ұйымдары мен қан орталықтарының құрылысы жоспарланған.

77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысына үстемеақы қосылады

Президент Жолдауында белгіленген тағы бір міндет – алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мамандарды қолдау. Осы мақсатта 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханалардың учаскелік қызметкерлеріне еңбек өтіліне байланысты қосымша ақы төлеу жүйесі енгізіледі.

Жаңа тәртіп бойынша үстемеақы мөлшері маманның үздіксіз еңбек өтіліне қарай есептеледі. Оның көлемі лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

Қосымша төлемдер медициналық ұйымдардағы кадр тапшылығын азайтуға, тәжірибелі мамандарды жұмыста тұрақтандыруға және олардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған. Әсіресе ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерін қолдауға басымдық берілмек.

Медициналық көмектің қолжетімділігі артады

Министрлік жаңа ауруханалар мен емханалардың құрылысы халыққа медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді деп жоспарлап отыр. Ал медицина қызметкерлеріне берілетін қосымша ақы мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасап, алғашқы медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігі басқа мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жоспарланған жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етпек.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары