Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар қысқара ма? Министрлік жауап берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік жәрдемақылардың жойылатыны немесе мөлшері азаятыны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мемлекет азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауды жалғастырады. Қазіргі өзгерістер әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге және көмектің мұқтаж азаматтарға берілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Отбасының материалдық жағдайына қарамастан, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақылар сақталады. Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жүктілік пен босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер толық көлемде беріле береді.
Алайда 2027 жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 36 түрлі жәрдемақының 12-сін тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайын ескеру көзделіп отыр. Министрлік бұл өзгерістер әлеуметтік кепілдіктерді жоюды емес, мемлекеттік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау тәртібін жетілдіруді көздейтінін атап өтті.
Ведомство азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырды.