Асыраушысынан айырылғандарға төлем қалай есептеледі?

Асыраушысынан айырылғандарға төлем қалай есептеледі?
ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда асыраушысынан айырылған отбасыларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) ай сайын әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері қайтыс болған азаматтың ресми табысына, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және асырауында болған адамдардың санына байланысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Азаматтың ресми табысы жоғары болып, ол үшін әлеуметтік аударымдар неғұрлым ұзақ уақыт төленсе, асырауында қалған отбасы мүшелеріне көрсетілетін қаржылық қолдау да соғұрлым артады.

Әлеуметтік төлем мөлшері қалай анықталады?

Ай сайынғы төлемді есептеу кезінде үш негізгі көрсеткіш ескеріледі:

- Асыраушының ресми табысы. Қайтыс болған азаматтың соңғы 24 айдағы орташа айлық табысынан ең төменгі жалақының жартысы шегеріледі. Қалған сома төлемді есептеуге негіз болады.

- Асырауында болған адамдардың саны. Кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің санына қарай 0,5-тен 1,0-ге дейінгі коэффициент қолданылады.

- Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі. Әлеуметтік аударымдар төленген мерзімге қарай тиісті коэффициент белгіленеді. Бес жылдан кейінгі әрбір толық жыл үшін коэффициент артып, төлем мөлшері де көбейеді.

Сонымен қатар есептеу барысында табысты алмастырудың бірыңғай коэффициенті – 0,6 (60 пайыз) қолданылады.

Екі баласы бар отбасы қанша төлем алады?

Мысалы, асырауында екі баласы бар азамат қайтыс болды делік. Оның соңғы екі жылдағы орташа айлық табысы 300 мың теңгені, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі жеті жылды құраған. Алдымен азаматтың орташа айлық табысынан ең төменгі жалақының жартысы шегеріледі. 2026 жылы бұл көрсеткіш 42 500 теңгеге тең. Нәтижесінде төлемді есептеуге негіз болатын табыс 257 500 теңгені құрайды. Осы сомаға табысты алмастырудың 0,6 коэффициенті, екі балаға белгіленген 0,65 коэффициенті және жеті жылдық сақтандыру өтіліне сәйкес 1,04 коэффициенті қолданылады. Нәтижесінде отбасы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын 104 442 теңге алады.

Мемлекеттік жәрдемақы бөлек төленеді

Қордан берілетін әлеуметтік төлем республикалық бюджеттен тағайындалатын асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша төленеді. 2026 жылы екі балаға тағайындалатын мұндай жәрдемақының мөлшері 86 447 теңгені құрайды. Осылайша, мысалда көрсетілген отбасыға берілетін ай сайынғы қаржылық қолдаудың жалпы сомасы 190 889 теңгеге жетеді.

Әлеуметтік аударымдарды қалай тексеруге болады?

Әлеуметтік төлемдерді есептеу жүйесі автоматтандырылған. Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады. Бұл есептеу барысында қателік кету қаупін және адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар өз атынан төленген әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты eGov Mobile қосымшасы арқылы кез келген уақытта тексере алады.

Ресми еңбек ету және әлеуметтік аударымдардың уақтылы төленуі азаматтың ғана емес, оның отбасының да қаржылық қорғалуына ықпал етеді.