Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп отыр – Дихан Қамзабекұлы

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп отыр – Дихан Қамзабекұлы

Қазақстан Республикасы Құрылтайының барлық фракция депутаттары ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай халыққа үндеу жасады. Онда Қазақстанның соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылған реформалар және алдағы міндеттер қамтылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Үндеу мәтінін Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы жариялады. Депутаттар Тәуелсіздіктің 35 жылдығы Қазақстан үшін маңызды тарихи кезең екенін атап өтіп, елдің даму жолына тоқталды.

"Бір айдан соң Қазақстан Тәуелсіздігінің жарияланғанына 35 жыл толады. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймыз! Расында да, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат", – делінген үндеуде.

Дихан Қамзабекұлы жариялаған үндеуде соңғы жеті жыл ішінде елдің экономикалық және әлеуметтік салаларында болған өзгерістерге назар аударылған.

Депутаттардың мәліметінше, заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары аясында 1 триллион теңгеден астам қаржыны әлеуметтік жобаларға бағыттау көзделген.

Сонымен қатар "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша 7 миллионнан астам баланың есепшотына жалпы сомасы 2,5 миллиард АҚШ долларына тең қаражат аударылғаны айтылды.

Үндеуде ғылымды қаржыландыру көлемінің жеті жылда 3,6 есе артып, 261,5 миллиард теңгеге жеткені де көрсетілген.

Депутаттар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы көрсеткіштерге де тоқталды. Үндеуде келтірілген мәліметтерге сәйкес, соңғы жеті жылда елімізде 1300-ден астам мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме және 536 спорт пен мәдениет нысаны салынған. Сондай-ақ осы кезеңде 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 24 пайызға артқаны айтылды.

Депутаттардың мәлімдеуінше, елдің жалпы ішкі өнімі жеті жыл ішінде шамамен 2,5 есе өсіп, 398 миллиард долларға жеткен.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта көрсетілетіні атап өтілді.

Үндеуде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп отырғаны айтылды.

"Биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп отыр. Еліміздің басты қалалары мен облыс орталықтары елдіктің елеулі белесіне сай безендірілгені қуантады", – деді Дихан Қамзабекұлы.

Депутаттар тарихи мерейтойды ел дамуының алдағы бағыттарын айқындайтын кезеңге айналдыру қажеттігін жеткізді. Осыған байланысты Құрылтай депутаттары қоғамды Мемлекет басшысы жариялаған "Құрылыс және тағы да құрылыс!" бастамасына атсалысуға шақырды.

Үндеуде "Халықтық құрылыс" жобасы аясында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салудың маңыздылығы атап өтілді.

"Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған "Құрылыс және тағы да құрылыс!" халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абыройлы міндет", – делінген үндеуде.

Құрылтай депутаттары Тәуелсіздіктің 35 жылдығын елдің бірлігі мен болашақ дамуына арналған ортақ міндеттерді жүзеге асырумен байланыстыруға үндеді.