Қазақстанда алғаш рет халықаралық авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді
20–22 қазан аралығында Астанада Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Авиациялық қауіпсіздік апталығы ұйымдастырылады. Қазақстан мұндай деңгейдегі халықаралық форумды алғаш рет қабылдайды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен өтетін ауқымды жиынға әлемнің әртүрлі елдерінен авиация саласының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысады.
Форумның басты мақсаты – азаматтық авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін талқылау, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін қарастыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарында
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші 95,7 пайызды құрайды. Осы нәтижемен еліміз әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарына еніп, Орталық Азияда көш бастап тұр.
Халықаралық іс-шараға қатысу үшін ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келеді. Сонымен қатар форумға АҚШ, Канада, Франция, Италия, Бразилия, Венгрия, Португалия, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Эфиопия және басқа да мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері қатысады.
Жиынға БҰҰ, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), Еуропалық азаматтық авиация конференциясы (ECAC) және өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылған.
Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік мәселелері талқыланады
Авиациялық қауіпсіздік апталығының негізгі тақырыптарының бірі – цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында әуе тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қатысушылар жасанды интеллектіні авиация саласында пайдалану, кибершабуылдардың алдын алу және ұшқышсыз ұшу аппараттарына байланысты қауіптерді азайту мәселелерін қарастырады. Сондай-ақ қарулы қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздықтың халықаралық әуе қатынасына әсері, жаңа технологияларды енгізу және авиация мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері күн тәртібіне енгізілген.
Астана халықаралық авиация сарапшыларының басын қосады
Үш күнге созылатын форум барысында Астана авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық пікір алмасу алаңына айналады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай маңызды іс-шараның Қазақстанда өткізілуі еліміздің әлемдік авиация қауымдастығындағы беделін арттырып, шетелдік серіктестермен байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Авиациялық қауіпсіздік апталығы 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. ИКАО қолдауымен жүзеге асырылатын бұл бастама авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға және ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тиімді шешімдер әзірлеуге бағытталған.