Қазақстанда базалық мөлшерлеме 15,75 пайызға дейін төмендеді
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендетті. Мұндай шешімді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті қабылдады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банк бұл шешімді елдегі бағаның өсу қарқыны бәсеңдеп, халықтың алдағы қымбатшылыққа қатысты болжамы жақсарғанымен түсіндірді.
Қыркүйек айында Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3 пайыз болды. Осылайша, елде бағаның өсу қарқыны қатарынан 12 ай бойы баяулап келеді.
Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 8,5 пайызға дейін, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша 11 пайызға дейін төмендеді. Қызмет көрсету саласындағы баға өсімі 8,9 пайыз деңгейінде сақталды. Сондай-ақ халықтың алдағы бір жылда баға қаншалықты қымбаттайтынына қатысты болжамы да төмендеген. Тамызда тұрғындар инфляция 12,1 пайыз болады деп күтсе, қыркүйекте бұл көрсеткіш 11,8 пайызға дейін азайды.
Баға қайта қымбаттауы мүмкін
Ұлттық банк инфляцияның төмендеуіне қарамастан, бағаның қайта өсу қаупі әлі де бар екенін ескертті.
Бұған ел ішіндегі сұраныстың артуы, жанар-жағармай бағасының өзгеруі, мемлекет реттейтін тарифтердің қымбаттауы, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнай мен азық-түлік бағасының жоғары болуы әсер етуі мүмкін.
Мамандардың болжамынша, жыл соңына қарай жылдық инфляция көрсеткіші қайтадан сәл көтерілуі ықтимал. Бұған өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі баға деңгейінің төмен болуы да әсер етеді. Ұлттық банк алдағы уақытта базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдағанда инфляцияның өзгерісін, халықтың баға өсіміне қатысты болжамын және экономикадағы қауіп-қатерлерді ескеретінін мәлімдеді.
Қаржы реттеушісінің басты мақсаты – 2028 жылға қарай инфляцияны 5 пайыз деңгейіне түсіру.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі халыққа қалай әсер етеді?
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің елдегі ақша айналымы мен инфляцияны реттеу үшін қолданатын негізгі құралдарының бірі. Оның өзгеруі екінші деңгейлі банктердің несие және депозит бойынша ұсынатын пайыздарына ықпал етеді.
Мөлшерлеме төмендеген жағдайда банктер біртіндеп несие пайыздарын азайтуы мүмкін. Бұл тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қарыз алуды қолжетімді ете түседі. Алайда мұндай өзгеріс бірден жүзеге аспайды және әр банктің шарттарына байланысты болады. Сонымен бірге депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі де төмендеуі ықтимал.
Айта кетейік, Ұлттық банк бұған дейін базалық мөлшерлемені 16,25 пайыз деңгейінде белгілеген еді.
Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешім 4 желтоқсанда жарияланады.