Қазақстанда заңсыз интернет-казинолар арқылы 188 млрд теңге айналымға түскен

Қазақстанда заңсыз интернет-казинолар арқылы 188 млрд теңге айналымға түскен
ЖИ арқылы жасалды

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) заңсыз интернет-казиноларға төлем қызметін көрсеткен қылмыстық схемаға қатысты тергеуді аяқтады. Іс бойынша жеті адам күдікке ілініп, қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

ҚМА-ның Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында заңсыз ойын бизнесіне қызмет көрсеткен күрделі қаржы жүйесі анықталған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер «Nomadgames», «Sultangames» және олардың көшірме сайттары арқылы жұмыс істеген интернет-казиноларға ақша қабылдау мүмкіндігін ұйымдастырған.

Заңсыз ақша айналымына банк қызметкерлері де араласқан

Ойыншылардың қаражатын қабылдау үшін бірнеше төлем арнасы қатар пайдаланылған. Олардың арасында банк эквайрингі, POS-терминалдар, интернет-төлем жүйелері, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдары болған.

Агенттік мәліметінше, бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар қажетті тексерулерді жүргізбестен келісімшарттар жасауға, төлем жүйелеріне қосылуға және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруге көмектескен. Қаржы операцияларының нақты мақсатын жасыру үшін төлемдер заңды букмекерлік кеңселер мен басқа да кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс ретінде көрсетілген.

Осы схема арқылы электрондық терминалдардан 188 млрд теңгеден астам қаржы өткен.

10 млрд теңге криптовалютаға айырбасталған

Тергеу деректеріне сүйенсек, заңсыз табысты заңдастыру үшін күдіктілердің бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайдаланылған. Жалған келісімшарт негізінде аталған компанияның есепшоттарына 10 млрд теңге аударылған. Кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілерге тиесілі цифрлық әмияндарға жіберілген.

Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу кезінде жалпы көлемі 19 миллион USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысын анықтаған.

Үш пәтер мен алты автокөлікке тыйым салынды

Тергеу аясында сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне шектеу қойылған. Атап айтқанда, үш пәтер, алты автокөлік, сондай-ақ жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын криптоактивтер мен банк шоттарындағы қаражат бұғатталған.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауда отыр. Тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қалған екі адамнан ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынған.

Қылмыстық іс соттың қарауына берілді.

Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.