BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін

Gov.kz
Бөлісу Telegram

2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру және шағын бизнеске қатысты тексерулерді үш жылға тоқтату жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланды. Ұлттық экономика министрлігі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және мемлекеттік басқаруды жаңғырту бағытындағы жоспарларын таныстырды.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге жетеді

Азамат Әмриннің айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл бастаманы қаржыландыруға қажетті қаражат алдағы үш жылға арналған бюджетте қарастырылмақ.

"2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық жалақының ең төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін арттырылатын болады. Қажетті қаражатты бекіту және бөлу бюджетте кезекті үш жылдық кезеңге көзделетін болады", – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар Үкімет инфляцияны төмендету үшін баға қалыптастыру тетіктеріне бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс тарифтік саясатпен қатар жүргізіледі.

Шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізілуі мүмкін

Кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту да Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болмақ.

Қазір 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер мен профилактикалық бақылауды үш жылға тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр. Тиісті ұсыныстар Құрылтай депутаттарымен бірлесіп пысықталуда.

Бұдан бөлек, орта бизнесті дамытуға арналған арнайы жоспар әзірленуде. Онда кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді қаржыландыру ұсыну, өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңарту және бюрократиялық кедергілерді азайту шаралары қамтылады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларына шағын және орта бизнес өкілдерін көбірек тарту да көзделген. Осы мақсатта өнім берушілерге қойылатын кейбір біліктілік талаптарын жеңілдету ұсынылып отыр.

Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау цифрлық платформалар арқылы көрсетіледі

Министрлік бизнесті қолдау жүйесін цифрландыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау тетіктері маркетплейстермен, банктермен және логистикалық қызметтермен біріктірілмек. Жасанды интеллект технологиялары экономикалық тәуекелдерді бағалау, маңызды салалардағы тәуелділіктерді анықтау және түрлі даму сценарийлерін талдау үшін пайдаланылатын болады.

Салық жүйесіне өзгерістер дайындалды

Үкімет салық саясатын жетілдіру жұмыстарын да жалғастырмақ. Арнайы жобалық кеңсе кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне жекелеген түзетулер пакетін әзірлеген. Сондай-ақ ірі мүлік иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін қолдану мәселесі зерттеліп жатыр. Бұл бағытта халықаралық тәжірибе сараланып, Қазақстанға қолайлы тәсіл қарастырылуда.

Инфрақұрылым мен инвестицияға басымдық беріледі

Президент Жолдауында белгіленген ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы Инфрақұрылымдық даму қоры құрылған.

Қордың қызметін реттеу, жобаларды қаржыландыру және бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау үшін Бюджет кодексіне өзгерістер дайындалды. Сонымен қатар Алатау қаласының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаладағы арнайы құқықтық режимді жетілдіруге бағытталған конституциялық заңға түзетулер 2027 жылдың қаңтар айының соңына дейін Құрылтай қарауына ұсынылмақ.

Инвестиция тарту жұмысын күшейту мақсатында "Бәйтерек" холдингіне қосымша өкілеттіктер беру де жоспарланған.

Мемлекеттік басқару жүйесі жаңартылады

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді етуге бағытталған кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Жоспар аясында мемлекеттік органдардың қызметіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект енгізу, басқару тәсілдерін жаңарту және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру көзделген.

Азамат Әмрин бұл өзгерістерді жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық және қаржылық тетіктер әзірленіп жатқанын жеткізді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары