Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бөлінбек

Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бөлінбек
Quryltai.kz

Астанада Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің отырысы өтіп, өңірлердегі жолдарды, әлеуметтік нысандарды және инженерлік желілерді жаңарту мәселелері қаралды. Жиында Президенттің "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау жолдары талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

29 қазанда өткен отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров, комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков, депутаттар мен салалық министрліктердің өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Әмірбек Оспанбеков Мемлекет басшысының Жолдауында өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған құжат ел экономикасын нығайтуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынған. Комитет төрағасы бұл бастаманы қолдайтынын және өңірлердегі құрылыс пен инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарына белсенді атсалысатынын жеткізді.

Инфрақұрылымға 6,5 трлн теңге бағытталады

Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров алдағы жылдары елімізде ірі құрылыс жобалары қолға алынатынын айтты. Атап айтқанда, жаңа автомобиль және теміржолдар, көпірлер, энергетикалық және өндірістік нысандар салу көзделген. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді жоспарын дайындауы тиіс.

Жоспар бойынша 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу қарастырылып отыр.

Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, қаржы ең алдымен халыққа нақты пайда әкелетін жобаларға жұмсалуы қажет. Сондықтан әр нысанның экономикалық тиімділігі мен қоғамға тигізетін әсері мұқият бағаланады. Сонымен бірге еліміздегі ірі қалалардың орта және ұзақ мерзімге арналған даму жоспарлары Үкіметпен келісіліп әзірленбек.

Президент ұсынған "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бастама жүздеген мың жаңа жұмыс орнын ашуға, тұрғындардың табысын көбейтуге және өңірлердің экономикалық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

70 медициналық және 50 әлеуметтік нысан салынады

Отырыста салалық министрліктер алдағы құрылыс жұмыстары туралы мәлімет берді.

Жоспарға сәйкес, өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау мекемесін салу көзделіп отыр. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бар. Бұған қоса, білім беру, мәдениет және спорт салаларында тағы 50-ге жуық нысанның құрылысы басталмақ.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңартуға да қомақты қаражат қарастырылған. Үкімет жыл аяқталғанша жүзеге асырылатын жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуі тиіс.

Жолдар мен теміржолдарды жаңарту мәселесі көтерілді

Құрылтай депутаттары Ербол Данағұлов, Бегалы Ералиев, Замир Сағынов және Марат Шибұтов көлік қатынасын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Олар автомобиль жолдары мен теміржол желілерін жаңғырту, жүк тасымалындағы кедергілерді азайту, логистикалық қызметтің сапасын арттыру және шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Депутаттардың пікірінше, бұл шаралар Қазақстанның халықаралық транзиттік бағыттардағы мүмкіндігін кеңейтіп, өңірлерге инвестиция тартуға және отандық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді.

Жиында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.

Жол сапасын жақсартуға арналған заң жобасы әзірленеді

Отырыстың соңында Әмірбек Оспанбеков Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін депутаттар мен атқарушы билік арасындағы байланысты күшейту қажеттігін айтты.

Комитет алдағы уақытта Көлік министрлігімен бірлесіп, өңірлерде көшпелі және тақырыптық жиындар өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және жол шаруашылығы саласын реформалау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Ол тиісті заң жобасын әзірлеумен айналысады.

Комитет төрағасы инфрақұрылымға қатысты бастамалардың орындалуы депутаттардың назарында болатынын жеткізді.