BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстанда қылмыс саны 14,6 пайызға азайды – Бас прокуратура

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдап, елдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі мен прокуратура органдарының атқарған жұмысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде Берік Асылов қылмыстың алдын алу, азаматтардың құқығын қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Бас прокурордың мәліметінше, биылғы тоғыз айда Қазақстанда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар 14,6 пайызға азайған. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар 22,3 пайызға, ал көшедегі құқық бұзушылықтар 20,1 пайызға төмендеген. Сонымен қатар құқық қорғау органдары интернет-алаяқтықпен, есірткінің заңсыз айналымымен және өзге де қауіпті қылмыс түрлерімен күресті күшейткен.

Қазақстанға 1,3 триллион теңгенің активі қайтарылды

Берік Асылов мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы құны 1,3 триллион теңгеге жеткенін мәлімдеді.

Бұл қаражаттың есебінен 466 әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы мен жаңғыртылуы қаржыландырылған. Оның 378-інде жұмыс толық аяқталған. Атап айтқанда, алты облыста ірі медициналық нысандар пайдалануға берілген. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы ашылып, Балқаш, Павлодар және Арқалық қалаларындағы әуежайларды жаңғырту жұмыстары аяқталған.

Бас прокуратура халықаралық әріптестікті де кеңейтіп келеді. Қазіргі уақытта 39 юрисдикциямен 92 екіжақты келісім жасалған. Қазақстанға шетелден 50 адам экстрадицияланып, өзге мемлекеттерге 123 адам берілген.

413 мың азаматтың құқығы қалпына келтірілді

Бас прокурор әлеуметтік-экономикалық салада 413 мың адамның конституциялық құқығы қалпына келтірілгенін хабарлады. Олардың қатарында еңбек құқығы қорғалған 200 мыңнан астам жұмыскер бар. Прокурорлардың араласуымен жалақы бойынша 2,5 миллиард теңге, алимент бойынша 7,9 миллиард теңге берешек өндірілген.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қаражатты жұмсау кезінде 535 миллиард теңгеге қатысты заң бұзушылықтардың жолы кесілген. Бюджетке 66,4 миллиард теңге қайтарылған.

Инвесторларды қорғау жұмысы күшейтілді

Кездесуде инвестициялық жобалардың заң аясында жүзеге асырылуы да сөз болды.

Берік Асыловтың айтуынша, Президенттің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес инвесторлардың құқығын қорғаудың жүйелі тетігі енгізілген. Жыл басынан бері 2886 инвесторға құқықтық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта прокурорлар 3,5 мың инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын бақылап отыр.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны «Цифрлық қадағалау» жүйесімен біріктіру арқылы инвесторлар кездесетін кедергілерді дер кезінде анықтау көзделген.

Тоқаев қандай тапсырма берді?

Кездесу соңында Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Президент әсіресе сайлау кезеңінде құқықтық тәртіптің сақталуына назар аударуды міндеттеді. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттау, прокуратура қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанның конституциялық құндылықтарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары