Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі Aitu арқылы көрсетілмек
2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерге жүгінудің 75-80 пайызы eGov GPT және Aitu платформасына көшіріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметтегі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Aitu арқылы 55-ке жуық мемлекеттік қызмет алуға болады
Қазір Aitu платформасында 7 миллион пайдаланушы тіркелген. Олардың 1,3 миллионы мессенджерді ай сайын, ал 300 мыңнан астамы күн сайын пайдаланады. Платформа eGov GPT жасанды интеллект сервисімен біріктірілген. Соның арқасында азаматтар мессенджерден шықпай-ақ 55-ке жуық мемлекеттік қызметті ала алады.
"Аitu трафигін ұялы байланыс операторлары тарифтемейді, сондықтан сервис тіпті нөлдік теңгерім кезінде де жұмыс істей береді", – деді Жаслан Мәдиев.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған Aitu Workspace жүйесін кеңінен енгізу көзделіп отыр. Ол электронды поштаны, күнтізбені, мессенджерді және жасанды интеллект құралдарын бір ортаға біріктіреді. Алдағы уақытта платформаны медицина және білім беру салаларында, соның ішінде жоғары оқу орындарында пайдалану жоспарланған.
ХҚКО-ға жүгінетін азаматтар саны азайған
Министр цифрландыру және жасанды интеллект саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Оның айтуынша, биыл заңнаманы жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың цифрлық сауатын арттыруға басымдық берілген. Елімізде суперкомпьютерлер іске қосылып, деректерді өңдеу орталықтары кеңейтілген. Сондай-ақ Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі төселіп, 3 мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық желі жеткізілген.
Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын онлайн алуға болады. Ел аумағында жасанды интеллект технологиялары қолданылатын 9 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
"Біз ХҚКО-ларға бару біртіндеп азайып келе жатқанын көріп отырмыз: егер былтыр бір жылда оған 15 млн-ға жуық азамат хабарласқан болса, биыл бұл көрсеткіш 35-40%-ға төмендеді. Үрдіс одан әрі жалғасуда", – деді министр.
Сонымен қатар Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша жаһандық рейтингте 194 елдің арасында 16-орынға көтерілген.
Халықтың цифрлық дағдыларын жетілдіруге бағытталған білім беру бағдарламаларының басым бөлігі іске қосылған. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілерге арналған оқыту бағдарламалары да бар.