Қазақстанда тағы бір автожол ақылы болады
Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларын байланыстыратын республикалық автожолдың бір бөлігі ақылы жолдар тізіміне қосылады. Жаңа тәртіп бойынша кейбір учаскелерде жеңіл көлік жүргізушілері де жол ақысын төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, елімізде ақылы автомобиль жолдарының желісін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты "Ақтөбе – Қандыағаш" тасжолының қайта жаңғыртылған бөлігі "Қандыағаш – Мақат" ақылы жолының құрамына енгізіледі.
Атап айтқанда, өзгеріс автожолдың 11-шақырымынан 100-шақырымына дейінгі аралықты қамтиды. Алайда жолдың барлық бөлігінде бірдей төлем тәртібі қолданылмайды.
11–87-шақырым аралығында жеңіл автомобильдерден бастап автобустар мен жүк көліктеріне дейін барлық көлік түрінен ақы алынады. Ал 87–100-шақырым аралығында және "Қандыағаш – Мақат" тасжолының қалған бөлігінде төлем тек автобустар мен жүк көліктеріне міндетті болады.
Жергілікті тұрғындарға қандай жеңілдік бар?
Министрлік ақылы жолға жақын орналасқан аудандардың тұрғындары үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылғанын хабарлады. Жергілікті тұрғындар жеңіл автомобильдеріне жылына небәрі 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) төлеп, абонемент рәсімдей алады.
Ал автобустар мен жүк көліктеріне арналған абонемент бағасы көлік санатына байланысты белгіленеді. Айлық төлем 1–5 АЕК аралығында болса, жылдық абонемент құны 12–60 АЕК болады.
Жалпы жол жүру ақысы көліктің түріне, жүк көтергіштігіне, жүріп өткен қашықтыққа және төлем жасау тәсіліне қарай есептеледі.
Жиналған ақша қайда жұмсалады?
Ведомствоның мәліметінше, ақылы жолдан түсетін қаражат толықтай жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға бағытталады. Атап айтқанда, бұл ақша жолдарды жөндеуге, олардың техникалық жағдайын жақсартуға және қажетті арнайы техникаларды сатып алуға жұмсалмақ.
Осы өзгерістерді енгізу үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрінің тиісті бұйрығына түзетулер қабылданды.
Жаңа талаптар бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.