ШҚО тұрғындары алаяқтарға 2,5 млрд теңгеден астам ақша аударған

ШҚО тұрғындары алаяқтарға 2,5 млрд теңгеден астам ақша аударған
Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді. Алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар 2,5 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полицейлер киберқылмыстың кең тараған түрлері мен оларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін жариялады. Жиында ШҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек өңірдегі жағдайға тоқталды.

Мамандардың айтуынша, алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі айла қолданады. Көбіне банк немесе құқық қорғау органының қызметкері болып хабарласып, тұрғындарды ақшасын "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді. Сондай-ақ жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық жобалар мен жеке мәліметтерді ұрлауға арналған күмәнді сілтемелер де жиі пайдаланылады.

Бұдан бөлек, облыста Telegram мессенджері арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыстық құқық бұзушылық анықталған.

Банк картасын өзгеге берген 24 адам жауапқа тартылды

Полиция заңсыз жолмен алынған қаражатты аударуға көмектесетін дропперлердің әрекетіне де ерекше назар аударып отыр.

Дропперлер – өздерінің банк карталарын немесе шоттарын алаяқтардың пайдалануына беретін адамдар. Мұндай шоттар қылмыстық жолмен түскен ақшаны басқа жаққа аудару үшін қолданылады.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында осындай әрекеттерге қатысы бар 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заң бойынша бұл қылмыс үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде интернет-алаяқтықтың 86 дерегі ашылып, зардап шеккен азаматтарға 36 млн теңге қайтарылған.

Полиция тұрғындарға ескерту жасады

ШҚО полиция департаменті азаматтарды қаржылық қауіпсіздікке мұқият қарауға шақырды.

Тәртіп сақшылары SMS арқылы келетін растау кодтарын, банк картасының деректерін және құпиясөздерді ешкімге жарияламауға кеңес береді. Сондай-ақ белгісіз адамдар жіберген сілтемелерге өтпеу, күмәнді шоттарға қаражат аудармау және банк карталарын бөгде адамдардың пайдалануына бермеу қажеттігін еске салды.

Полицейлер банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардан ақшасын "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейтінін ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу, қылмыскерлерді анықтау және заңсыз әрекеттердің жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.