Қазақстанда тұтынушыларға 2 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды

Қазақстанда тұтынушыларға 2 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды
ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда жыл басынан бері құқығы бұзылған тұтынушыларға 2,17 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында комитет пен оның өңірлік департаменттеріне азаматтардан 72 мыңнан астам шағым мен өтініш түскен.

Тұрғындар көбіне дүкендерден сатып алған тауарларына, интернет арқылы жасалған саудаға және тұрмыстық қызмет көрсету сапасына шағымданған. Атап айтқанда, бөлшек саудаға қатысты 31 186 өтініш тіркелген. Бұл барлық шағымның 42,9 пайызын құрайды. Ал интернет саудасына байланысты 12 264 өтініш (16,9 пайыз), тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты 7 065 шағым (9,7 пайыз) түскен.

Комитеттің араласуымен 23 мыңнан астам өтініш бойынша тұтынушылардың талаптары орындалған. Сонымен қатар 26 мың өтінішке байланысты азаматтарға заңгерлік көмек көрсетілген. Қайтарылған қаражат көлемі жағынан Алматы, Астана және Шымкент қалалары алдыңғы орында тұр.

Бұдан бөлек, қоғам назарын аударған 107 іс жеке қаралған. Нәтижесінде 365 азаматтың жалпы құны шамамен 1,03 миллиард теңгені құрайтын мүліктік құқығы қорғалды.

Министрлік тұтынушылардың шағымдарын қараумен шектелмей, кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауын да қадағалап отыр. Жыл басынан бері елімізде 1 347 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,2 пайызға артық.

Тексеру қорытындысында заң бұзушылықтарға байланысты 1 836 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 54,3 миллион теңге айыппұл салынған.