Қазақстанда ҮЕҰ жұмысына жасанды интеллект енгізу талқыланды
Астанада үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Сарапшылар жаңа технологиялардың азаматтық қоғамды дамытуға ықпалын талқылап, ұйымдардың жұмысын жетілдіру жолдарын ұсынылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырған "Ұстаным" пікірталас клубының кезекті отырысы "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстан: цифрлық трансформация, жасанды интеллект және азаматтық қоғамның жауапкершілігі" тақырыбына арналды.
Жиынға мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың және ақпараттық технологиялар саласының өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты. Кездесуде елдегі цифрлық өзгерістердің алдағы бағыты, жаңа технологиялардың қоғам өміріндегі рөлі және азаматтық сектордың осы өзгерістерге бейімделуі сөз болды.
ҮЕҰ қызметін цифрландыруға басымдық беріледі
Талқылау барысында қатысушылар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жасанды интеллектіні кеңінен қолдану жөніндегі міндеттерге тоқталды. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың күнделікті жұмысын жеңілдету, қайталанатын міндеттерді автоматтандыру және ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Сарапшылар цифрлық құралдарды енгізу ұйымдардың жұмысын ашық жүргізуге, ақпарат алмасуды жеңілдетуге және азаматтармен байланысты жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жаңа технологияларды қолдану кезінде деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелері көтерілді.
Мамандардың цифрлық сауатын арттыру ұсынылды
Жиында үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлерінің жаңа технологияларды меңгеруі маңызды екені айтылды.
Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану үшін мамандардың цифрлық білімін жетілдіру, тәжірибелік дағдыларын дамыту және технологияларды қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажеттігін талқылады. Мұндай бастамалар азаматтық сектордың қазіргі цифрлық ортаға бейімделуіне және ұйымдардың қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Мемлекет пен азаматтық қоғамның байланысы нығайтылмақ
Кездесу соңында үкіметтік емес ұйым мамандарының цифрлық құзыретін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныс әзірленді. Сондай-ақ технологиялық өзгерістер жағдайында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын жетілдіру жолдары қарастырылды.
Қатысушылар цифрлық жаңғырту үдерісінде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру маңызды екенін атап өтті.