BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстанда жол сапасын жақсарту үшін жаңа шаралар әзірленеді

Дана Зарылханқызы
https://t.me/KZgovernment
Бөлісу Telegram

Үкіметте автомобиль жолдары саласын реформалау және жол құрылысының сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында жолдардың төзімділігін күшейту, құрылыс шығындарын азайту және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Отырыс барысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев атқарылып жатқан жұмыстардың аралық нәтижелерін таныстырды. Сондай-ақ жол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз ету, техникалық бақылауды жетілдіру және пайдаланылатын битумның сапасын көтеру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Нұрлыбек Нәлібаев жол саласына қатысты шешімдер қабылдағанда тәжірибелі мамандардың пікіріне сүйену маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс, жөндеу және жолдарды пайдалану кезіндегі техникалық мәселелер инженерлер, технологтер мен салалық сарапшылардың қатысуымен шешілуі тиіс.

Жиында ауыр жүк көліктерінің автомобиль жолдарына тигізетін әсері де сөз болды. Белгіленген салмақ нормасынан асатын көліктер жол жабынының мерзімінен бұрын тозуына әкелетіндіктен, олардың қозғалысына бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар «Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының қызметіне ерекше көңіл бөлінді. Орталықтың қабылдайтын шешімдері мен сараптамалық қорытындылары үшін жауапкершілігін арттыру мәселесі көтерілді.

Отырысқа қатысқан Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары да өңірлердегі жол инфрақұрылымын дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Жиын қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Көлік министрлігіне «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен, жергілікті әкімдіктермен және басқа да жауапты ұйымдармен бірлесіп нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.

Ұсынылатын шешімдер автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға, олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының құнын төмендетуге және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға бағытталуы тиіс. Сонымен бірге ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылауды күшейту көзделіп отыр.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары