Қазақстанның киікті қорғау тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды
Қазақстанның киік санын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстары халықаралық қауымдастықтың оң бағасына ие болды. Еліміздің табиғатты қорғау тәжірибесі өзге мемлекеттерге үлгі ретінде ұсынылып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
27 қазанда Армения астанасы Ереванда өткен COP17 конференциясы аясында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев Қоныс аударатын жабайы жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі конвенцияның атқарушы хатшысы Энди Рейнмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын сақтау, сирек кездесетін түрлерді қорғау және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Орталық Азия сүтқоректілерін сақтау бастамасы (CAMI) мен Құнмин биоалуантүрлілік қорының қолдауымен жүзеге асырылатын жаңа жоба сөз болды.
Энди Рейн Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтіруде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің бұл бағыттағы тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалып, басқа мемлекеттерге үлгі ретінде таныстырылып келеді.
Өз кезегінде конвенция хатшылығы Қазақстандағы табиғатты қорғау бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, алдағы жобаларды жүзеге асыру үшін техникалық көмек көрсетуге және қаржыландыру көздерін тартуға жәрдемдесу мүмкіндігі қарастырылмақ.