BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Қазақстанның теміржол паркі 162 жаңа вагонмен толықты

Дана Зарылханқызы
Фото-коллаж: baspasoz.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстанда жолаушылар пойыздарының вагондарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 191 жаңа вагон сатып алу жоспарланса, оның 162-сі теміржол паркіне қабылданды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа вагондардың 51-і RWS Wagon зауытында, 111-і Stadler Kazakhstan кәсіпорнында шығарылған.

Вагондар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін заманауи құрылғылармен жабдықталған. Оларда ауа баптау, бейнебақылау және ауаны зарарсыздандыру жүйелері, биодәретханалар, жеке жарықтандыру шамдары, сондай-ақ телефон қуаттауға арналған розеткалар мен USB-порттар бар.

Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға да арнайы жағдай жасалған. Штабтық вагондарда мүгедектер арбасын орналастыруға арналған кең купелер қарастырылған. Сонымен қатар пойызға міну мен түсуді жеңілдететін көтергіш құрылғылар орнатылып, кіреберістер табалдырықсыз жасалған.

Жолаушылар сапар барысында Wi-Fi желісін пайдаланып, купедегі ауа температурасын өз қалауынша реттей алады. Бағалы заттарды сақтауға арналған сейфтер де орнатылған. Жаңа вагондар талапқа сай пайдаланылса, 40 жылға дейін қызмет ете алады.

Теміржол паркін кезең-кезеңімен жаңарту жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуға, сапар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары