Құрылтай депутаттарына әдеп нормасын бұзғаны үшін қандай жаза қолданылады
Құрылтай депутаты Дания Еспаева депутаттық әдеп талаптарын бұзуға қандай әрекеттер жататынын және бұл нормалардың депутаттарға жиын кезінде ғана емес, Құрылтайдан тыс уақытта да қатысты екенін айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, сөз сөйлеп жатқан әріптестеріне негізсіз ескерту жасау, сондай-ақ депутаттардың немесе басқа да адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздер айту депутаттық әдепті бұзу болып саналады.
Еспаева депутаттарға қойылатын талаптар Құрылтай отырыстарымен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, депутат қай жерде жүрсе де, қызметтік әдеп нормаларын сақтауы керек. Сонымен қатар депутат бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ақпарат берген кезде нақты әрі тексерілген деректерді ұсыну қажет екенін айтты. Дәлелденбеген немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату да депутаттық әдеп нормасын бұзу ретінде қаралады.
Дания Еспаеваның айтуынша, Құрылтайда депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Кеңес жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді қарайды. Депутаттық әдеп талаптарын бұзғаны үшін бірнеше тәртіптік шара қарастырылған. Олардың алғашқысы: ескерту және сын айту.
Бұдан бөлек, депутаттан көпшілік алдында кешірім сұрау талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ оған Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салу қарастырылған. Егер бұзушылық қайталанса, депутатқа қатарынан үш отырыста сөз бермеу, отырыстан бір рет немесе үш отырысқа дейін шығарып жіберу шаралары қолданылуы мүмкін.
Ең қатаң жаза ретінде депутатты бір күндік жалақысынан айыру көзделген.