Құрылтайдың бір депутатына бюджеттен орта есеппен 155,3 млн теңге жұмсалады
2027 жылы Құрылтайдың бір депутатына бюджеттен орта есеппен 155,3 млн теңге жұмсалады. Бұл туралы Анель Давлетгалиева Қазақстан экономикасы жөніндегі телеграмдағы авторлық каналында жазды.
Бұл — Құрылтай қызметін қамтамасыз етуге жұмсалатын барлық шығындарды қамтитын шартты есепті сома. Оның ішіне коммуналдық төлемдер, депутаттардың көмекшілеріне арналған шығындар, кеңсе тауарлары, депутаттардың тұруына байланысты шығыстар және басқа да қызметтер кіреді.
2027 жылға арналған республикалық бюджетте Құрылтай қызметін қамтамасыз етуге 22,53 млрд теңге қарастырылған. 2028 жылға 22,85 млрд теңге (кейін нақтылануы мүмкін), ал 2029 жылға 22,79 млрд теңге жоспарланған.
Салыстыру үшін, бұрынғы екі палаталы парламент жүйесі кезінде 2026 жылға 31,96 млрд теңге қарастырылған. Ол кезде Мәжілісте 98 депутат, Сенатта 50 депутат болған. Сонымен қатар екі палатаға жеке-жеке әкімшілік аппарат жұмыс істеді.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету бюджетке салыстырмалы түрде арзанырақ түседі. Оның қызметіне қажетті шығындарға бар болғаны 1,76 млрд теңге бөлінген.