Қытайда 116 суасты дроны бір мезетте іске қосылып, рекорд орнатты
Қытайда бір мезетте ең көп автономды суасты аппаратын іске қосу бойынша Гиннестің әлемдік рекорды жаңарды. Жетістікке Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті мен Xian Tianhe Haifang Intelligent Technology компаниясының мамандары қол жеткізді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сынақ кезінде TH-618 үлгісіндегі 116 суасты аппараты кезекпен суға түсіріліп, кейін адамның араласуынсыз дербес қозғалысқа көшті. Дрондар бір-біріне қатысты орнын анықтап, белгіленген сапты сақтау үшін қоршаған ортаны нақты уақыт режимінде визуалды тану технологиясын қолданған. Аппараттар 500 метрден астам белгіленген бағытты 34 минутта жүріп өтті. Сынақ қорытындысын Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері ресми түрде тіркеді.
Әзірлеушілердің айтуынша, жүзден астам аппараттың су астында бірлесіп қозғалуын ұйымдастыру оңай болмаған. Өйткені су астында радиобайланыс пен спутниктік навигация мүмкіндігі шектеулі. Бұған қоса, судың нашар көрінуі мен жоғары қысымы да техникалық қиындық туғызады.
TH-618 аппаратының ұзындығы – 61,5 сантиметр, ені – 20 сантиметр, биіктігі – 28 сантиметр. Салмағы 5,14 келі болатын дрон бір қуатпен 30 шақырымға дейін жүре алады және сегіз сағаттан астам уақыт дербес жұмыс істейді. Навигациядағы ауытқу көрсеткіші 5 пайыздан аспайды.
Суасты дроны алдын ала белгіленген бағыт бойынша толықтай автономды қозғалады. Қатты су ағынына тап болғанда немесе басқа нысанмен жеңіл соқтығысқанда, интеллектуалды бейімделу жүйесі жағдайды анықтап, кедергіден шығуға және қайтадан бастапқы бағытқа оралуға мүмкіндік береді.
Аппараттың қоршаған ортаны тану және басқару жүйесінде кәдімгі смартфондарда қолданылатын техникалық бөлшектер пайдаланылған. Компания өкілдерінің мәліметінше, дайын мобильді компоненттерді қолдану құрылғының құрылымын жеңілдетіп, өндіріс құнын төмендетеді. Бұл технологияны болашақта жаппай өндіруге жол ашуы мүмкін.