Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының құнды мұрасы ЮНЕСКО тізіміне енді

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының құнды мұрасы ЮНЕСКО тізіміне енді
Gov.kz

Қазақтың көрнекті ойшылы, ақын әрі ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сирек басылымдар жинағы ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" бағдарламасы аясындағы Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіліміне енгізілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл шешім Индонезияның Джакарта қаласында өткен ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" бағдарламасы Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің (MOWCAP) отырысында қабылданды.

Халықаралық деңгейде мойындалған құнды еңбектер Қазақстандағы "Ғылым ордасы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қорында сақтаулы. Тарихи басылымдарды тізілімге енгізу туралы ұсынысты Қазақстан тарапы әзірлеген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалары қазақ халқының тарихы мен рухани өмірін танытатын маңызды мұра саналады. Оның еңбектерінде XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы елдің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық-саяси жағдайы, салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтары кеңінен сипатталған.

Ақынның білім мен ғылымға үндейтін туындылары сол кезеңдегі қазақ қоғамының дүниетанымын, рухани ізденісін және тарихи жадын зерттеуге мүмкіндік береді.

Сирек басылымдарды халықаралық тізілімге ұсыну жұмысына "Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасының мамандары атсалысты. Олар жинақтың тарихи және мәдени құндылығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, қажетті құжаттар мен зерттеу материалдарын дайындаған.

Мәшһүр Жүсіп мұрасының ЮНЕСКО-ның өңірлік тізіліміне енуі қазақ жазба мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына жол ашады. Сонымен бірге бұл жетістік ұлттық құндылықтарды сақтап, зерттеп, келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстардың маңызын көрсетеді.

Енді құнды жинаққа халықаралық ғылыми қауымдастықтың назары артып, ойшылдың шығармашылығын тереңірек зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Айта кетейік, "Әлем жады" бағдарламасы тарихи маңызы бар құжаттар мен жазба мұраларды сақтауға, қорғауға және олардың құндылығын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.