Microsoft төрт елде қызметкерлерін қысқартпақ
Америкалық Microsoft компаниясы АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Үндістандағы қызметкерлеріне жұмыстан өз еркімен кету бағдарламасын ұсынды. Компания мұндай шешім қабылдаған мамандарға қаржылай қолдау көрсетіп, алдағы мансабын жоспарлауға көмектеспек, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа бағдарлама Microsoft-тың бірнеше бөлімшесін қамтиды. Олардың қатарында Copilot жасанды интеллект жүйесі, Windows операциялық жүйесі, Xbox ойын платформасы, сондай-ақ қаржы және кадр бөлімдері бар. Алайда бұл мүмкіндік барлық қызметкерге берілмейді. Атап айтқанда, маркетинг, қауіпсіздік және коммерциялық бағыттағы кейбір командалар бағдарламаға қатыспайды.
Компанияның мұндай бастама көтеруіне қызметкерлер санын оңтайландыру қажеттілігі себеп болған. Бұған дейін Microsoft шамамен 4,8 мың маманды жұмыстан қысқартқан еді.
Енді компания кезекті ауқымды қысқартуға бармай, қызметкерлерге жұмыстан өз еркімен кету мүмкіндігін ұсынып отыр. Бағдарламаны таңдағандарға қаржылай өтемақы төлеу және жаңа жұмыс іздеуге байланысты қолдау көрсету көзделген.
Microsoft өкілдерінің мәлімдеуінше, ұсынысқа қатысу қызметкердің жасына, еңбек өтіліне немесе жұмыс нәтижесіне байланысты емес.
Сондай-ақ компания алдағы уақытта бизнес қажеттілігі туындаса, осындай бағдарламаларды қайта іске қосу мүмкіндігін жоққа шығармайды.