BASPASOZТолық нұсқа
Әлем

Мұнай бағасы 100 доллардан асып, апта соңында күрт қымбаттады

Дана Зарылханқызы
Canva
Бөлісу Telegram

Әлемдік нарықта мұнай бағасы 11 қыркүйек таңында да өсімін жалғастырды. Бұған Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі және мұнай жеткізіліміне төнген қауіп әсер етіп отыр. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 108 доллардан, ал WTI 103 доллардан асты, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылардың мәліметінше, Brent фьючерстерінің бағасы барреліне 108,68 долларға дейін көтерілген. Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай 103,45 долларға дейін қымбаттады.

Сауда барысында Brent бағасы одан әрі өсіп, бір баррель үшін 109,97 долларға жетті. Бір апта ішінде мұнай бағасы шамамен 13%-ға қымбаттаған. Бұл шілде айының ортасынан бергі ең жоғары апталық өсім болды. Бағаның көтерілуіне Таяу Шығыстағы ахуалдың одан әрі күрделенуі және мұнай тасымалдайтын негізгі теңіз бағыттарының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық себеп болып отыр.

Нарықтағы жағдайға Қызыл теңіздегі ахуал да әсер етуде. Иранмен байланысты хуситтер Йемендегі Моха портын басып алды. Бұл аймақтағы теңіз қатынасының қауіпсіздігіне қатысты қауіптерді күшейтті. Сонымен қатар танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін Ормуз бұғазындағы жағдай да тұрақсыз болып отыр. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы өзара соққылар қосылды.

Мұнай ұсынысының қысқаруы да бағаның өсуіне ықпал етті. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) мәліметінше, тамыз айында ұйым елдерінің тәуліктік мұнай өндірісі 640 мың баррельге азайған.

Сонымен қатар ОПЕК 2026 жылы әлемдік мұнай сұранысының өсуіне қатысты болжамын бесінші рет төмендетті. Қазіргі бағалау бойынша, биыл жаһандық сұраныс тәулігіне 380 мың баррельге артады деп күтіледі.

Еске сала кетейік, 10 қыркүйекте Brent маркалы мұнайдың бағасы танкерлерге жасалған жаңа шабуылдар аясында барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде сақталған болатын. Сол кезде Brent құны 101,34 долларды құрады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары