Нобель лауреаттарына берілетін сыйақы артты
2026 жылы Нобель сыйлығының ақшалай жүлдесі әр санат бойынша 12 миллион швед кронына дейін артты. Бұл шамамен 1,22 миллион АҚШ долларына тең, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Нобель қорының мәліметінше, сыйақы көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1 миллион кронаға, яғни шамамен 101 мың долларға көбейген.
Нобель сыйлығы алғаш рет 1901 жылы табысталды. Сол кезде әр санаттағы жеңімпазға 150 782 швед кроны берілген.
Соңғы 15 жылда жүлде көлемі бірнеше рет өзгерді. Мәселен, 2012 жылы ақшалай сыйақы 10 миллионнан 8 миллион кронаға дейін қысқарған. Кейін оның мөлшері үш рет қайта көтерілді.
2026 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары 5–12 қазан аралығында жарияланады.
Айта кетейік, 2025 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттарына 11 миллион швед кроны көлемінде ақшалай жүлде берілген. Марапаттау рәсімі 2025 жылғы желтоқсанда Стокгольмде өтті.