Оңтүстік Корея КХДР-дың зымыран ұшырғанын хабарлады
Солтүстік Корея 20 қыркүйекте Жапон теңізі бағытында белгісіз снаряд ұшырған. Оңтүстік Корея әскері оның бірі қысқа қашықтыққа арналған баллистикалық зымыран болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оңтүстік Корея қарулы күштерінің мәліметінше, зымыран жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00 шамасында Вонсан ауданынан ұшырылған. Әскери мамандардың бағалауынша, ол шамамен 450 шақырым қашықтыққа жеткен.
Оқиғаға байланысты Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің Ұлттық қауіпсіздік басқармасы шұғыл отырыс өткізді. Жиында зымыран ұшырылғаннан кейінгі жағдайға елдің ден қою шаралары талданып, оның қауіпсіздікке ықпалы бағаланған.
Сеул билігі Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандарды ұшыруы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына қайшы екенін атап өтіп, Пхеньянды мұндай әрекеттерді тоқтатуға шақырды.
Бұған дейін, тамыз айында Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Солтүстік Кореяға Корей соғысын ресми түрде аяқтау мәселесін талқылау үшін келіссөз бастауға ұсыныс жасаған. Сонымен қатар ол Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын дамытуын тежеу шараларын талқылауды ұсынған.