Павлодардағы жылу электр орталығында күрделі жөндеу аяқталды
Павлодардағы үшінші жылу электр орталығында жоспарланған жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мамандар үш қазандықты, екі турбоагрегатты және түтін мұржасын күрделі жөндеуден өткізді. Бұл жұмыстар 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында тұрғындарды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа электр станцияларын салумен қатар, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңарту қажеттігін атап өткен болатын. Осыған байланысты Энергетика министрлігі еліміздегі энергетикалық кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындығын бақылауды жалғастырып жатыр.
Биыл бекітілген жоспарға сәйкес, Қазақстанның электр станцияларында 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Қазіргі уақытта 8 энергоблок, 49 қазандық және 32 турбоагрегат жөнделіп бітті.
Атап айтқанда, "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ-ға қарасты Павлодар ЖЭО-3 станциясында жөндеу жұмыстары жоспарға сай толық орындалды. Нысанда №1, №3 және №5 қазандықтар, сондай-ақ №3 және №5 турбоагрегаттар жаңартылды. Бұдан бөлек, №1 түтін мұржасына күрделі жөндеу жүргізілді.
Қазір жылу электр орталығында бес қазандық пен бес турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Олар қала тұтынушыларына қажетті жылу мен электр энергиясын өндіріп жатыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жүргізілген жөндеу жұмыстары станция жабдықтарының сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді. Соның нәтижесінде 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында Павлодар тұрғындарын жылу және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасалады.