BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Президент Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады

Дана Зарылханқызы
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездесіп, еліміздегі сот жүйесінің жұмысы мен оны жаңғырту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу барысында Президентке биылғы тоғыз айда сот органдары атқарған жұмыстардың қорытындысы таныстырылды. Сондай-ақ сот ісін жүргізуді цифрландыру, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру бағытындағы шаралар туралы ақпарат берілді.

Асламбек Мерғалиевтің мәліметінше, есепті кезеңде еліміздің соттары 24,8 мың қылмыстық істі қараған. Ал азаматтық істердің саны өткен кезеңмен салыстырғанда 28,4 пайызға артып, 605 мыңнан асқан. Азаматтық істердің көбеюіне банкроттық рәсімдеріне, тұрғын үй мен жер дауларына, сондай-ақ келісімшарттық міндеттемелерге байланысты талап-арыздардың артуы әсер еткен.

Бұдан бөлек, соттарда 29,2 мың әкімшілік іс және әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты 319 мың іс қаралған. Даулардың жартысына жуығы медиация және өзге де балама тәсілдер арқылы шешімін тапқан.

Жоғарғы сот төрағасы кассациялық соттардың қызметіне де тоқталды. Оның айтуынша, аталған соттарға 18 мыңнан астам шағым түскен. Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны 934-тен 1704-ке дейін көбейген.

Кездесуде халықтың сот жүйесіне деген сенім деңгейі де сөз болды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдан бері сот жүйесіне абсолютті сенім көрсеткіші 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін жоғарылаған. Сонымен қатар Мемлекет басшысына сот жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігінің сапасын одан әрі жақсарту, сот жүйесін жаңғырту және осы бағыттағы реформаларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары