Принцесса Диананың әйгілі «кек көйлегі» аукционға шығарылады
Принцесса Диананың көпшілікке «кек көйлегі» деген атаумен танылған қара көйлегі желтоқсан айында Sotheby's аукционына қойылады. Оның бағасы шамамен 150-300 мың долларға бағаланып отыр. Түскен қаражаттың бір бөлігі Корольдік Эдинбург ауруханасының атынан NHS Lothian Charity қорына аударылады, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengri Life Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл көйлек 1997 жылдан бері алғаш рет көпшілік назарына ұсынылмақ. 18-24 қыркүйек аралығында Лондондағы Sotheby's кеңсесінде көрермендерге көрсетіледі. Кейін экспонат Гонконг, Женева және Нью-Йорк қалаларына жеткізіледі. Ал 2 желтоқсанда Нью-Йоркте аукцион алдындағы көрсетілім басталады.
Көйлекті дизайнер Кристина Стамболян әзірлеген. Ол 1994 жылғы 29 маусымда Диананың Кенсингтон бақтарындағы Серпентин галереясында өткен Vanity Fair қайырымдылық кешіне қатысқан кезде киген киімі ретінде тарихта қалды. Сол күні сол кездегі ханзада Чарльз теледидар арқылы Дианаға опасыздық жасағанын мойындаған еді.
Бастапқыда Диана бұл кешке басқа көйлек киюді жоспарлаған. Ол Valentino брендінің көйлегін таңдағанымен, оның кешке киетіні туралы ақпарат баспасөзге тарап кеткен. Осыдан кейін ханшайым Стамболян тіккен қара көйлекке тоқталған.
Диананың сол кештегі образы әлемдік баспасөздің назарын аударып, кейін сән әлемінде «revenge dressing» немесе «кек киімі» деген ұғымның қалыптасуына әсер етті. Бұл стиль қоғамдық қысымға және қалыптасқан талаптарға өзіндік тәсілмен жауап берудің символына айналды.