BASPASOZТолық нұсқа
Әлем

Сирияның Идлиб провинциясында қару-жарақ қоймасы жарылып, 14 адам қаза тапты

BS News
Фото: РБК
Бөлісу Telegram

Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында уақытша қару-жарақ қоймасы жарылып, кемінде 14 адам қаза тапты. Тағы 11 адам жарақат алған. Бұл туралы Сирияның Денсаулық сақтау министрлігі жазды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жарылыс Сармада қаласына жақын маңдағы Бурдж әл-Нимра ауданында болған. Қоймада елдегі 2011–2024 жылдар аралығындағы азаматтық соғыстан қалған қару-жарақ пен оқ-дәрілер уақытша сақталған. Оқиғадан кейін қауіпсіздік күштері аймаққа апаратын жолдарды жауып, Азаматтық қорғаныс пен Сирия Қызыл Жарты Ай ұйымының құтқарушылары үйінді астында қалған адамдарды іздеуге кірісті.

Жарылыстың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Идлибтегі төтенше жағдайлар қызметінің өкілі Валид Асланның айтуынша, алғашқы болжам бойынша, жарылыс қоймадағы оқ-дәрілердің детонациясынан болуы мүмкін. Оқиға орнынан тараған видеоларда қою қара түтін көтеріліп, негізгі жарылыстан кейін бірнеше шағын жарылыс болғаны байқалады.

Бұл Идлибте қыркүйек айының өзінде болған екінші адам шығынына әкелген жарылыс. Бұған дейін Бинниш қаласында оқ-дәрі тиеген көлік жарылып, бес адам қаза тапқан. Ал 2025 жылы да өңірдегі бірнеше оқ-дәрі қоймасында жарылыстар тіркелген.

Сирия әлемде жарылмай қалған оқ-дәрілер мен миналар ең көп таралған елдердің бірі саналады. HALO Trust ұйымының дерегінше, биыл Сирияда жарылмай қалған оқ-дәрілер салдарынан орта есеппен әр алты сағат сайын бір адам қаза табады немесе жарақат алады. Тамыз айына дейін осындай жарылыстардан шамамен 700 адам зардап шеккен, олардың үштен бірі балалар болған.

BS News
Автордың басқа материалдары