Тайландтағы COVID-19 жағдайы: Қазақстанда ахуал қандай?
Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Тайландтың Пхукет аралында COVID-19 қайта өршігені туралы ақпарат тарады. Жарияланымдарда туристер мен осы елге қоныс аударған адамдарда ауру белгілері ауыр өтіп жатқаны айтылған. Алайда Тайланд Денсаулық сақтау министрлігінің Ауруларды бақылау департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство Пхукеттегі эпидемиологиялық жағдай төтенше сипатқа ие емес екенін мәлімдеді. Дегенмен коронавирус инфекциясы аралда әлі де таралып жатыр.
Пхукеттегі жағдай қандай?
The Phuket News мәліметінше, 31 тамыздағы жағдай бойынша Пхукетте COVID-19 жұқтырудың 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіші 514,85 жағдай болған. Осы көрсеткішпен арал Тайландтағы аурушаңдық деңгейі ең жоғары үшінші өңір атанды.
Бірінші орында – Бангкок. Мұнда 100 мың тұрғынға шаққанда 643,65 жағдай тіркелген. Екінші орында Чонбури провинциясы – 530,52 жағдай.
Тайланд билігі Пхукеттегі көрсеткіштің жоғары болуын аралдың туристер көп келетін бағыт екенімен және халық тығыздығының жоғары болуымен түсіндірді. Тұрғындар санына шаққандағы есепте бұл фактор аурушаңдық деңгейінің жоғары болып көрінуіне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар жергілікті денсаулық сақтау органдары қазіргі жағдайды төтенше немесе ерекше ауыр індет ретінде бағаламайды. Мамандар аурудың көбеюін маусымдық сипаттағы қалыпты құбылыс деп санайды. Коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігінде ауру жеңіл өтеді.
Қазір қандай штамм таралып жатыр?
Тайландта Омикрон нұсқасының түрлері әлі де бақылауда. Қазіргі таңда елде ең жиі анықталып отырған қосалқы нұсқалардың бірі – NB.1.8.1.
Тайланд Денсаулық сақтау министрлігінің Ауруларды бақылау департаменті 1 қыркүйектегі мәліметінде эпидемиологиялық бақылау барысында анықталған жағдайлардың 50,14 пайызы осы нұсқаға тиесілі болғанын хабарлады. Бұл штамм елде 2025 жылдың ортасынан бері тұрақты түрде анықталып келеді.
Мамандар NB.1.8.1 штаммының ауруды ауыр түрде тудыратынына дәлел жоқ екенін атап өтті. Бақылау деректеріне сәйкес, науқастардың көпшілігінде белгілер кәдімгі суық тиюге ұқсас.
Әлемде коронавирус бойынша ахуал қандай?
Коронавирус әлемнің түрлі елдерінде әлі де таралып жатыр. Алайда аурушаңдық көрсеткіші аймақтарға қарай әртүрлі.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйене отырып, ақпарат беріп отырған елдердің басым бөлігінде SARS-CoV-2 вирусына жүргізілген тестілердің оң нәтиже көрсету үлесі төмен әрі тұрақты деңгейде екенін хабарлады. Сонымен қатар Орталық Америка мен Кариб бассейнінің, Оңтүстік-Батыс Еуропаның кейбір елдерінде оң нәтиже көрсеткіші 10 пайыздан жоғары. Мұндай жағдай Солтүстік Еуропаның жекелеген елдерінде, сондай-ақ Батыс, Оңтүстік және Шығыс Азияның бірқатар мемлекетінде байқалады.
ДДСҰ мен ұлттық эпидемиологиялық бақылау жүйелерінің мәліметіне сәйкес, әлемде Омикрон нұсқасы да әлі айналымда.
Қазақстандағы жағдай тұрақты
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, Қазақстандағы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2026 жылдың басынан бері елде COVID-19-дың 87 расталған жағдайы тіркелген. Осы кезеңде инфекциядан өлім жағдайы болған жоқ.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,7 есе төмендеген. Қазіргі уақытта республика бойынша аптасына орта есеппен 15 жағдай тіркеледі.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда да 2022 жылы алғаш анықталған Омикрон нұсқасының штамдары таралуын жалғастырып отыр.
Мамандар не ұсынады?
Қазақстанда COVID-19 бойынша жағдайды бақылау жалғасып жатыр. Мамандар әлемдегі эпидемиологиялық ахуалды да тұрақты түрде қадағалайды. Дәрігерлер жедел респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеуге, қолды жиі жууға және бөлмені тұрақты желдетіп тұруға кеңес береді.
Ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгінген жөн.
Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желілерде COVID-19 белгілеріне ұқсас ауру туралы жазған. Олар қатты әлсіздік, дененің сырқырауы, мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, жөтел, иіс пен дәм сезудің жоғалуына шағымданған. Кейбір тұрғындар бірнеше апта бойы ауырғанын айтып, антибиотиктердің әсері болмағанын жазған.-