Телебағдарламадағы сұхбаттан кейін Грузияның экс-министрі ұсталды
Тбилисиде Грузияның бұрынғы вице-премьері, ішкі істер және қорғаныс министрі, қазіргі оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының жетекшілерінің бірі Георгий Барамидзе ұсталды. Оған мемлекетке опасыздық жасады және диверсияға барды деген айып тағылып отыр деп грузиялық БАҚ мәлімдейді, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Саясаткердің ұсталғанын Грузия Бас прокуратурасы бас прокурорының орынбасары Амиран Гулуашвили арнайы брифинг кезінде мәлімдеді. Бұл туралы Interpressnews пен Грузияның 1TV телеарнасы хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Барамидзеге қатысты қылмыстық істің қозғалуына оның «Грузияның дүниеге келуі» авторлық бағдарламасында берген сұхбаты себеп болған. Эфир кезінде бұрынғы министр 1992–1993 жылдардағы грузин-абхаз қарулы қақтығысының алғашқы кезеңінде грузиялық әскери қызметшілер тұтқындарды аяусыз өлтіргені туралы мәлімдеме жасаған.
Алайда Грузия Бас прокуратурасы жүргізілген тергеу барысында мұндай деректер расталмағанын мәлімдеді. Ведомство Барамидзенің сөзін елдің ұлттық қауіпсіздігіне, қорғаныс қабілетіне және халықаралық беделіне нұқсан келтіруге бағытталған «жалған ақпарат пен насихат» деп бағалады.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, саясаткердің мәлімдемелері Грузия Қорғаныс күштерінің беделіне зиян келтіріп, қаза тапқан әскери қызметшілердің рухына құрметсіздік танытқан. Сондай-ақ прокуратура мұндай сөздер Грузияға қарсы сыртқы ақпараттық науқандарда пайдаланылуы мүмкін деген пікір білдірді.
Анықтама: Грузин-абхаз қақтығысы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Абхазияның Грузия құрамынан шығуға ұмтылуы нәтижесінде өрбіді. Соғыстың негізгі кезеңі 1992 жылдың тамызынан 1993 жылдың қыркүйегіне дейін созылды. Қақтығыс грузиялық әскердің жеңілісімен аяқталып, Абхазия іс жүзінде Тбилисидің бақылауынан шықты. Соғыс кезінде екі тараптан да мыңдаған адам қаза тапты. Қақтығыс әлі күнге дейін толық реттелген жоқ.
Барамидзеге мемлекетке опасыздық, нақтырақ айтқанда диверсия жасады деген айып тағылды. Бұл бап бойынша оған төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Прокуратура жақын уақытта сотқа саясаткерді қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сұрап жүгінуді жоспарлап отыр.
Барамидзенің серіктері мен Грузиядағы өзге де оппозициялық күштер оның ұсталуын «саяси кек» деп атады. Олар билікті құқық қорғау органдарын саяси қарсыластарына қысым жасау үшін пайдаланды деп айыптады. Барамидзенің өзі де тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.