Тоқаев «Атлетико Мадрид» клубының бас директорымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында Президент Қазақстан мен әйгілі испаниялық футбол клубы арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелеріне оң баға берді. Сондай-ақ Мигель Анхель Хиль Мариннің елімізге сапары екіжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда футболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде заманауи спорт нысандарын салуға, жаттығу базаларын жетілдіруге және жас футболшыларды кәсіби даярлауға қомақты инвестиция бағытталуда. Бұдан бөлек, отандық футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Президент ФИФА-мен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу бастамасы қолға алынғанын жеткізді. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Испания ұлттық құрамасының жетістіктері мен испаниялық футбол мектебінің тәжірибесіне тоқталды. Ол Қазақстанның осы бағыттағы озық әдістерді зерделеп, жас таланттарды тәрбиелеу ісінде пайдалануға мүдделі екенін айтты.
Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстанда футболды дамытуға көрсетіліп жатқан қолдау үшін Президентке алғыс білдірді.
Сондай-ақ ол Алматы облысында орналасқан «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымын жоғары бағалады. Клуб басшысының пікірінше, аталған академия болашақта футболшыларды даярлайтын үздік оқу-жаттығу орталықтарының біріне айналуы мүмкін.