Тоқаев Қазақстан армиясын түбегейлі жаңғыртуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, еліміздің қорғаныс жүйесін реформалау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиынның басты тақырыбы әскери реформа жоспарының жобасы болды. Мемлекет басшысы елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын жаңғыртуға бағытталған нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Президенттің айтуынша, Қазақстанға заман талабына сай, жедел әрекет етуге қабілетті әрі озық технологиялармен жабдықталған армия қажет. Бұл мақсатқа жету үшін Қарулы күштердің жұмысын жан-жақты қайта қарау маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформаның тек техникалық жарақтандырумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Өзгерістер әскерді басқару жүйесін, әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын, кадр саясатын, әскери білім беру ісін және қорғанысты жоспарлауды қамтуға тиіс.
Сонымен қатар Президент әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, басшылық мәдениетін жетілдіруге және мемлекет қаржысын тиімді жұмсауға ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы армия мен қоғам арасындағы байланысты да жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қорғаныс саласында түбегейлі өзгеріс жасау үшін жекелеген шаралар жеткіліксіз, жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануы керек.
Осыған байланысты Президент әскери реформаны жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеп, Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді міндеттеді.