Тоқаев пен Ердоған ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жылы қабылдауы үшін түрік әріптесіне ризашылығын білдіріп, оны және Түркия халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Қазақстанмен қалыптасқан тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
Президенттер екі ел арасындағы достық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтіп, сауда, инвестиция, экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақстан мен Түркия президенттері кеңейтілген құрамда кездесті
Мемлекет басшыларының келіссөзі екі елдің ресми делегациялары қатысқан кеңейтілген отырыста жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесудің Түркияның ұлттық мерекесі қарсаңында өтуінің ерекше мәні бар екенін атап өтті. Ол Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен елде жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, Түркияның халықаралық аренадағы ықпалы артып келе жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті екі халықты ортақ тарих, тілдік және мәдени жақындық байланыстыратынына тоқталды. Оның сөзінше, Астана мен Анкара арасындағы саяси диалог өзара сенім мен берік достыққа негізделген.
Түркия Қазақстанның бес ірі сауда серіктесінің қатарына кіреді
Келіссөз барысында экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар түрік инвесторлары елімізге қомақты қаржы құйған жетекші он елдің қатарына кіреді. Қазір Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен түрлі кәсіпорындар жұмыс істейді. Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау және бірлескен жобаларды қолдау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, биыл мамырда Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген. Сол кездесуде бірқатар маңызды келісімге қол жеткізіліп, Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өткен.
Нәтижесінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген.
Президенттер алдағы халықаралық кездесулерді талқылады
Келіссөзде мемлекет басшылары халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне де назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Анталияда өтетін COP31 халықаралық климат конференциясына баруды жоспарлап отырғанын айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай кездесулер Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.