Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтап, елдің егемендік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президент 25 қазанның Қазақстан тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы күні қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация елдің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына жол ашты.
«Ұлық мерекеміз – Республика күні баршаңызға құтты болсын! Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл тарихи құжаттың қабылдануы ұлт тарихының жаңа кезеңіне бастау болғанын жеткізді. Көп ұзамай Қазақстан дербес мемлекет атанып, тәуелсіз ел ретінде өз даму жолын таңдады.
Президент биыл Республика күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтіп жатқанын еске салды. Оның сөзінше, еліміз осы тарихи белеске халықаралық қоғамдастықтың құрметіне ие болған, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде жетіп отыр. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев егемендік жылдарындағы маңызды жетістіктерді атап өтті. Осы кезеңде Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітіліп, ұлттық қаржы жүйесі құрылды және ел шекарасы айқындалды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның көк Туы Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбірегенін, сондай-ақ Сарыарқа төсінде жаңа елорда – Астананың бой көтергенін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында ел ішіндегі бірлікті нығайтып, халықаралық деңгейде бейбітшілікті жақтайтын мемлекет ретінде танылды.
«Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық», – деді Мемлекет басшысы.