BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Түркістан облысына келген туристер саны 43 пайызға өсті

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірге келген саяхатшылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,4 пайызға артқан. Сонымен қатар туристік нысандардың құрылысы жанданып, салаға тартылған инвестиция көлемі ұлғайды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан облысына 217 мыңға жуық турист келген. Оның 205 426-сы – қазақстандық, ал 11 338-і – шетелдік саяхатшы. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр осы кезеңде өңірге 151 мыңға жуық адам сапарлаған. Туристер санының артуымен бірге саладан түсетін табыс та өскен. Биыл алғашқы алты айда туристік қызметтерден түскен кіріс 6 млрд теңгеге жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 4 млрд теңге болған. Ал 2026 жылдың тоғыз айында туризм саласына 83 млрд теңге инвестиция тартылған.

Өңірде саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа демалыс орындары мен қонақүйлер ашылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Қолөнершілер орталығы» жұмысын бастады. Сондай-ақ Төлеби ауданында «Paradise Villas», ал Түркістанда «Medina Palace» қонақүй кешендері пайдалануға берілді.

Биыл облыста жалпы құны 13,7 млрд теңге болатын 25 туристік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Солардың бірі – Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы «Khantau» демалыс аймағы. Құны 1 млрд теңгені құрайтын нысанның құрылысы аяқталып, келушілерге есігін ашты.

Түркістан қаласында да ірі жобалар қолға алынған. Қазір аумағы 12 гектар болатын аквапарк салынып жатыр. Жобаның инвестициялық құны – 10 млрд теңге. Жоспар бойынша кешен биыл пайдалануға берілуі тиіс. Жаңа нысан қала тұрғындары мен туристердің демалыс мүмкіндіктерін кеңейтпек.

Бұдан бөлек, тарихи Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл бастама көне мұраны сақтап, өңірге келетін саяхатшылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ «Yassy Hall Apartments» қонақүй кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, туризмді дамыту жұмыстары өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Алдағы уақытта Түркістан облысында тарихи-мәдени, зиярат ету және экологиялық туризммен қатар заманауи демалыс орындарын дамытуға басымдық беріледі. Жаңа жобалар туристік қызмет сапасын жақсартып, өңір экономикасына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары