Түркияда екі отандасын өлтірген Өзбекстан азаматтары өмір бойына сотталды
Стамбұлда Өзбекстанның екі азаматына екі әйелді өлтірді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі Дилшод Турдимуратов пен Гафуржон Камолходжаевқа қатысты шыққан, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
UzDaily.uz басылымының жазуынша, сот 31 жастағы Турдимуратов пен 29 жастағы Камолходжаевты отандастары Дурдона Хакимова мен Сайера Эргашалиеваны аса қатігездікпен өлтірді деп таныған. Сонымен бірге ұрлық жасағаны үшін олардың әрқайсысына қосымша екі рет жеті жылдан түрме жазасы берілді.
Қылмыс 2026 жылдың қаңтарында болған. 24 қаңтарда Стамбұлдағы қоқыс контейнерлерінің бірінен әйел адамның бөлшектелген денесі табылған. Тергеу барысында полиция күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды елден кетуге әрекеттенген кезде Стамбұл әуежайында ұстады.
Кейін құқық қорғау органдары осы оқиғамен байланысты тағы бір қылмыстың болғанын анықтаған. Тергеу деректеріне сәйкес, сол пәтерде бұған дейін тағы бір Өзбекстан азаматы қаза тапқан. Оның да денесі бөлшектеліп, қалдықтары қоқыс контейнеріне тасталған.
Сот барысында айыпталушылардың берген жауабы бір-бірінен ерекшеленді. Гафуржон Камолходжаев Сайера Эргашалиеваны өзі өлтіргенін айтып, бұл қылмысқа екінші сотталушының қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Ал Дилшод Турдимуратов соңғы сөзінде жасаған әрекетін ақтауға болмайтынын айтып, өкініш білдірген. Сондай-ақ ең қатаң жазаға лайық екенін жеткізген.