Жапония үкіметінде кадрлық өзгерістер күтілуде
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити үкімет құрамына жоспарланған өзгерістерді 17 қыркүйекте өткізбек. Ал 18 қыркүйекте биліктегі Либералдық-демократиялық партия басшылығында кадрлық ауыс-түйіс болады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Тосихару Фурукава үкімет құрамына алғаш рет кіруі мүмкін. Сонымен қатар Либералдық-демократиялық партияның парламентпен жұмыс жөніндегі комитеті төрағалығына Хидэки Мурайдың тағайындалуы ықтимал.
Үкіметтегі бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтерін сақтап қалады деп күтіледі. Олардың қатарында партияның күнделікті жұмысында маңызды рөл атқаратын ЛДП бас хатшысы Сюнъити Судзуки де бар.
Бұған дейін Санаэ Такаити 2025 жылғы партия көшбасшылығына өткен сайлауда өзіне бәсекелес болған саясаткерлерді жоғары қызметтерде қалдыруды жоспарлап отырғаны хабарланған. Олардың қатарында Қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми, Сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги, Әкімшілік істер және коммуникациялар министрі Ёсимаса Хаяси және ЛДП саяси кеңесінің төрағасы Такаюки Кобаяси бар.
Аталған саясаткерлер 2027 жылғы сайлауда Такаитиге негізгі бәсекелестер болуы мүмкін. Алайда сарапшылар бұрынғы қарсыластарын партия басшылығында сақтау олардың саяси әрекеттерін шектеуі ықтимал деп есептейді. Бұл жағдай Такаитидің партия жетекшілігіне қайта сайлануын жеңілдетуі мүмкін.