BASPASOZТолық нұсқа
Әлем

Жапонияда 100 жастан асқан адамдар саны алғаш рет 100 мыңнан асты

Дана Зарылханқызы
Canva
Бөлісу Telegram

Жапонияда 100 жасқа толған және одан асқан адамдардың саны алғаш рет 100 мыңнан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Kyodo агенттігі мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Елдің Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Жапонияда 100 жастан асқан 107 677 адам бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7914 адамға көп. Ұзақ өмір сүретіндер саны осымен 56 жыл қатарынан өсіп келеді.

Олардың басым бөлігін әйелдер құрайды. 100 жастан асқан әйелдердің саны 94 298 адамға жетіп, осы жас санатындағы адамдардың 87,6 пайызын құраған.

Статистика бойынша, Жапонияда әр 100 мың тұрғынға шаққанда 100 жастан асқан шамамен 87,5 адамнан келеді.

Денсаулық сақтау министрі Кэнъитиро Уэно ұзақ өмір сүретін адамдар санының артуын медицина саласындағы жетістіктермен байланыстырды. Оның айтуынша, халықтың қартаюына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.

Жапонияда туу көрсеткішінің төмендеуі мен халықтың қартаюы әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың жыл сайын өсуіне әсер етіп отыр. Бұл ел бюджетіне қосымша салмақ түсіруде.

Жапонияда ұзақ өмір сүрушілер туралы ресми статистика 1963 жылдан бері жүргізіледі. Сол жылы елде 100 жастан асқан небәрі 153 адам болған. 1981 жылы олардың саны 1000-ға, 1998 жылы 10 мыңға, ал 2012 жылы 50 мыңға жеткен.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары