Жезқазғанда онкология орталығы мен жаңа емхана салынады
Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда 100 орындық онкология орталығы мен бір ауысымда 250 адамға қызмет көрсететін жаңа емхана бой көтереді. Медициналық нысандар тұрғындардың алысқа бармай, өз өңірінде сапалы ем алуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында өңір әкімі Есет Байкенмен бірге болашақ онкология орталығының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ министр қалада салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Онкология орталығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатыр. Жаңа нысан облыстық көпбейінді аурухананың қосымша корпусында орналасады. Мұнда қатерлі ісіктерді ерте анықтауға, науқастарды жан-жақты тексеруге және мамандандырылған ем жүргізуге жағдай жасалмақ.
"Бүгін біз Ұлытау тұрғындары көп жылдан бері күткен медициналық нысанның құрылысын бастаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылдары 70-тен астам денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Біздің басты міндетіміз – халықтың қажетті тексерулерден уақтылы өтіп, тұрғылықты жеріне жақын жерде тиісті ем алуына жағдай жасау", – деді Ақмарал Әлназарова.
Жоба аясында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталықты да жаңа ғимаратқа көшіру қарастырылған. Онкология орталығының құрылысын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Жезқазғанның Батыс ауданында үш қабатты жаңа емхана салынады. Жалпы аумағы 8,4 мың шаршы метр болатын медициналық мекемеде диагностикалық кабинеттер, зертхана, күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы және әйелдер консультациясы жұмыс істейді. Емхана маңында тоғыз жедел жәрдем бригадасына арналған станция да бой көтермек. Бұл нысандар қаланың қарқынды дамып келе жатқан ауданындағы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Болжам бойынша, алдағы уақытта аталған ауданда халық саны 18 мың адамға жетуі мүмкін.
Министр жаңа ғимараттарды пайдалануға берумен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
"Маңыздысы – жаңа ғимараттар салу ғана емес, әрбір адамның қажетті медициналық көмекті уақтылы әрі тұрғылықты жеріне жақын жерде алуына жағдай жасау", – деді ведомство басшысы.
Сапар барысында Ақмарал Әлназарова Жезқазғандағы Облыстық жоғары медициналық колледжге барып, болашақ медицина мамандарын даярлау жұмысымен танысты. Сонымен бірге өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесті.
Жұмыс сапарының қорытындысында министр медициналық нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау, кадр тапшылығын азайту және Ұлытау облысындағы денсаулық сақтау қызметінің сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді.