BASPASOZТолық нұсқа
Әлем

ЖИ жасаған қолтырауын суреті үшін ер адам сотталмақ

ЖИ арқылы жасалған
Бөлісу Telegram

Сингапурда 30 жастағы ер адам жасанды интеллект көмегімен қолтырауынның жалған суретін жасап, таратқаны үшін жауапқа тартылмақ, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Mothership басылымының мәліметінше, ер адам Пандан су қоймасында қолтырауын жүргендей етіп ЖИ арқылы сурет жасап, оны әріптесіне жіберген. Ақпарат тарағаннан кейін оқиға орнына арнайы мамандар барып, жыртқышты іздеуге кіріскен.

Қауіпсіздік мақсатында су қоймасындағы демалыс уақытша тоқтатылып, тұрғындарға сақ болу ескертілген.

Алайда бір тәуліктен кейін мамандар қолтырауын бейнеленген суреттің шынайы емес екенін анықтаған. Осыдан кейін материалдар полицияға берілді. Тергеу барысында жалған суретті 30 жастағы жергілікті тұрғын жасағаны белгілі болды. Істің салдарын түсінген ол сурет пен оны жасауға пайдаланған қосымшаны өшіріп, әрекетінің ізін жасыруға тырысқан.

Енді ер адамға жалған ақпарат таратты және тергеуге кедергі келтіруге әрекет жасады деген айып тағылып отыр.

Жалған ақпарат таратқаны үшін оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, 10 мың Сингапур долларына дейін айыппұл салу немесе екі жаза қатар қолданылуы мүмкін. Ал істің ізін жасырып, тергеуге кедергі келтіргені дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Сингапур полициясы мұндай жалған ақпараттың тұрғындар арасында дүрбелең туғызып, төтенше жағдай қызметтерінің уақытын және ресурсын босқа жұмсайтынын ескертті. Құқық қорғау органдары ЖИ көмегімен жасалған суреттерді шынайы фото ретінде таратпауға шақырды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары